«Жамбыл облысында өрт шыққан әскери бөлімде тағы бір әскери қызметшінің қаза тапқаны белгілі болды. Өрт сөндіру командасының бастығы, келісімшарт қызметінің старшинасы 1979 жылы дүниеге келген Нәдірбеков Еркін Ерікбайұлы инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы өртті сөндіру жұмыстарына тікелей жетекшілік жасаған. Жарылыстан кейін оқиға орнында қаза тапқан. Ол 27 тамыз күні қайда екені туралы мәлімет жоқ әсери қызметшілердің қатарында болған», - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар ведомство қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына және жақын туыстарына көңіл айтады.
«Қорғаныс ведомствосының басшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына зор күйзеліспен көңіл айтады және бірге аза тұтады. Қорғаныс министрлігі оның отбасына қажетті көмек көрсетеді», - деді министрліктен.
Естеріңізге сала кетсек, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соның салдарынан осы уақытқа дейін 4 әскери қызметшінің қаза тапқаны, 3 әскери қызметші мен төтенше жағдайлар департаментінің бірнеше маманымен байланыстың жоқтығы белгілі болған еді.