Жамбыл облысының 4 мектебінде бірнеше сынып карантинге жіберілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылы басталғаннан бері Жамбыл облысының 4 мектебінде бірнеше сынып карантинге жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде БПҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев осындай мәлімет берді

«Жамбыл облысы бойынша 1 қыркүйектен бастап бір балабақша тәрбиеленушісі ауру жұқтырған. Ал оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 59 жағдайы тіркеліп отыр. Оның ішінде 57 жағдай оқу процесінің басталуына байланысты емес. Тараз қаласының 2 мектебінің 2 сыныбында карантин енгізу және 48 оқушы мен мұғалімдерді үй карантиніне көшіру туралы екі қаулы шығарылды», - деді департамент өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, педагогтер арасында 1 қыркүйектен бастап облыс бойынша 12 жағдай тіркелген.

«Оның ішінде 7 мектеп мұғалімі, 2 мектеп-интернаттың педагогы, 2 ЖОО оқытушысы және 1 балабақша тәрбиешісі бар. 2 мектептің 2 сыныбындағы 43 оқушыны, мұғалімді үй карантиніне көшіру туралы 2 қаулы шығарылды», - деді Бағлан Қыдырбаев.