Жамбыл облысының әкімі мектеп оқушыларына археолог мамандығын таңдауға кеңес берді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтің дарынды оқушылармен, халықаралық конкурстардың, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпаздарымен дәстүрлі кездесуі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында жетістікке жеткен 85 дарынды оқушы аймақ басшысымен кездесіп, мамандық таңдау жөнінде кеңес сұрау мүмкіндігіне ие болды.

«Мен сендердің жетістіктеріңмен мақтанамын, - деді аймақ басшысы. - Сендердің көпшіліктерің ғылым саласындағы мақтанышымызға айналып, мемлекетімізді әлемге танытатындықтарыңа сенемін. Бұл залда кілең дарынды жастар жиналған. Сендердей білімді жастарды тәрбиелеген ата-аналар мен ұстаздарға алғысымды білдіргім келеді».

Кездесу барысында облыс әкімі Қазақстан жастарының негізгі мақсаттарын атап өтіп, қазіргі білім кеңістігінде әр саладан хабардар болу - өмірлік жетістікке жетудің негізгі кілті екендігін жеткізді.

Мамандық таңдау мәселесіне келгенде, Қазақстанда археолог мамандығының болашағы зор екендігін мәлімдеген аймақ басшысы, мектеп оқушыларына осы  мамандықты таңдауға кеңес берді. Ал шетелдік жоғары оқу орындарына білім алуды жоспарлаған оқушылар туған қалалары - Таразды ұмытпаулары тиістігін қадап айтты. Бұл сөздерін тіпті,  ағылшын тілінде жеткізді. 

Кездесуден кейін облыс әкімі оқушылардың болашағына жеміс тілеп, бір-бір ноутбуктан сыйлады, ал олардың ұстаздарына мақтау грамоталары табыс етілді.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  Жамбыл облысының 222 оқушысы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына қатысқан. Олардың 114-і жеңімпаздар атанды - 17 алтын, 32 күміс және 65 қола жүлде.