Еске сала кетсек, наурыз айының соңында Жамбыл ауданында, Қаратөбе және Айша бибі ауылдық округтері аумағында («Дорожник» және «Майское» саяжай алабы) су тасқыны қаупі туындады.
Аса өзені арнасынан шығып кеткен су автожолды басып қалды. Тұрғын үйлерді су алып кетпес үшін өзен жағасындағы бекіністер үш метрге дейін биіктетілді. Одан бөлек, Аса өзенінің жағасы шайылып, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының 510-521 шақырымдары аумағында қауіп туындады және жол қозғалысы тоқтатылды.
ТЖ қызметтерінің айтуынша, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының 515 шақырымында ұзындығы 1 100 метр болатын бөгетті нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Су деңгейі мен жағалау тәулік бойы бақылауда.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша,бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев тікұшақпен Талас, Шу, Мойынқұм, Қордай аудандарын тексеріп шықты. Әуеден Аса, Талас, Шу және Ақкөл өзендерінің арнасын бақылады.