Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі республикалық көрсеткіштің 4,7 пайызын құрайды
Облыстың ауыл шаруашылығы өндіріп отырған өнім үлесі жалпы республикалық көрсеткіштің 4,7 пайызын құрайды, деп хабарлады pm.kz сайты.
Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1994 жылғы 5 млрд. теңге көрсеткіштен 2010 жылғы 68,5 млрд. теңгеге дейін өсті. Ілгерінді агротехникалық технологиялардың арқасында өңірде егін шығымы тұрақты артуда. Атап айтқанда, дәнді дақылдардың шығымдылығы 1994 жылғы 9,4 центнер/гектар көрсеткіштен 2011 жылғы 16,4 центнер/көрсеткішке дейін өсті. Астықтың орташа жылдық өндірісі 480,3 мың тоннаны құрайды. 2011 жылы 376 млн. тоннадан астам дәнді дақыл жиналды.
Жамбыл облысында егін шаруашылығын әртараптандыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, дәнді дақылдар егілген алқаптар 1991 жылмен салыстырғанда 6,4 есеге, көкөніс-бақша алқабы - 4,4 есеге, жеміс-жидек алқабы - 3,5 есеге, картоп алқабы 1,9 есеге ұлғайды.
Мал шаруашылығына келер болса, сүт өндірісі 1991 жылмен салыстырғанда 2,9 есеге,ет өндірісі - 1,7 есеге, асыл тұқымдық мал шаруашылықтары - 8 бірліктен 104 бірлікке дейін өсті.
Өңірде сондай-ақ етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама бойынша жалпы есеппен 686 млн. теңге сомаға 3886 ірі қара мал басы сатып алынды.
Жамбыл облысы агроөнеркәсіптік кешенінің машина-трактор паркі де жедел қарқынмен жаңартылуда. 2001-2006 жылдар аралығында облыс бойынша жалпы есеппен 1,4 млрд.теңге сомаға 659 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. 2011 жылдың 10 айында 2,5 млрд. теңге сомаға тағы 298 бірлік жаңа техника алынды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар өндірген өнімдердің көлемі 1994 жылмен салыстырғанда 21 еседен астамға ұлғайды.
Жылыжай шаруашылықтарының ауданы да 1991 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге өсіп отыр. Қазіргі уақытта Жамбыл облысында жалпы ауданы 21,2 гектарды құрайтын 304 жылыжай жұмыс істейді.