14:47, 27 Наурыз 2009
Жамбыл облысының Қаратау және Жаңатас қалаларындағы су құбырларын жөндеуге қажетті қаржы биылғы бюджеттен алынып тасталды ? Сенат депутаты
АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жамбыл облысының Қаратау және Жаңатас қалаларына су желілерін жөндеу мен құрылыс жұмыстарына бөлінген 3 миллиард теңге биылғы жылдың бюджетінен алынып тасталды.
Бұл мәліметті бүгін Сенат депутаттарының Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен болған кездесуі барысында сенатор Александр Савченко келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында қалыптасқан жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы мамандарына наразылығын білдірген депутат «Қаратау мен Жаңатас жағдайы өте мүшкіл аймақтар. Онда ауызсу тек арнайы бекітілген кестеге сай, күніне екі сағаттан таңертең және кешке беріледі. Жағдайдың тап осындай күрделі екендігін біле тұра, қаржыны алып тастауға қандай себеп болды?» деді депутат. Осыған орай сенатор Евгений Аман: «Бюджет комиссиясының кейбір бағыттар бойынша бірқатар қысқартулар жасағаны рас. Ал олардың нақты қандай мәселелерге байланысты қысқарту жасағандығын біз сіздермен әлі де жан-жақты талқылаймыз», деді.