Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті ресми өкілінің мәліметінше, контрабандалық қылмыспен күресте пәрменділік танытып келе жатқан Жамбыл облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өткен айдың соңғы он күнінде 10-нан аса, маусымның алғашқы аптасында 5 қылмыстық іс қозғап, мемлекет қазынасына шығын келтіріп, оңай олжаға тапқысы келгендердің жолын кесті.
Биылғы жылдың ең көлемді есірткісін Жамбыл облысының кеденшілері мен шекарашылары 2 маусым күні анықтады.
Шекара қызметінің №2035 әскери бөлімі мен Контрабандаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шұғыл шаралар кезінде Меркі ауданындағы «Аспара» шекара заставасынан 17 шақырым жерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы аумағынан заңсыз өткен жүк көлігі туралы ақпарат алады.
Шекарашылар заңсыз жүктің ізіне түсіп келе жатып, халық тұтынатын тауарлар салынған түйіншектерді тауып алады. Шекарашылар бірден Жамбыл облыстық Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлерін шақырып, кеденшілер табылған 93 дана түйіншекті тексеріп, кедендік құнын анықтау мақсатында уақытша сақтау қоймасына әкеледі. Ал тексеру кезінде 5 түйіншектен 67 пакетке салынған сары түсті ұнтақталған зат табылған.
9 маусым күнгі сот сараптамалық қорытындысы аталған сары түсті зат есірткінің ауыр түріне жататын салмағы 30 келі 406 грамм «героин» екенін анықтады. Қазіргі уақытта қосымша тергеу амалдары жүргізілуде.