Жамбыл облысының Өрнек ауылында алғаш рет балабақша ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Жамбыл облысында бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді десек, солардың бірі Т.Рысқұлов ауданы Өрнек ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасы,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған балабақша 140 балаға шақталған.

Екі қабатты, жалпы аумағы 900 шаршы метрді құрайтын ғимарат жас өскіндерді сапалы тәрбие және лайықты біліммен қамтуы үшін толық заманауи үлгіде жабдықталған.

Өрнек ауылының тұрғындары бұл балабақшаның ашылуын көптен күткен еді. Өйткені, 2 мыңға жуық халқы бар ауылда бұған дейін балабақша мүлде болмаған. Небәрі 70 орындық шағын орталық жұмыс істеген.

Сәулетті ғимараттың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудандағы мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан игі істерді тоқталып өтті. Аудан басшысы тәрбие ошағының табалдырығын аттаған өскелең өрендерге жарқын болашақ тілеп, ауыл тұрғындарын ортақ қуанышпен құттықтады.

Жалпы ғимаратты жабдықтауға 200 миллион теңге жұмсалған. Балабақша ыстық және суық сумен, толық жылумен қамтылған. Мекеме қажетті құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда балалардың игілігі үшін әзірге 6 топ жұмыс істейді. Есігін елге айқара ашқан бөбекжайға жергілікті 23 адам жұмысқа тартылған.