Жамбыл облысының полицейлері 2 келіге жуық героин тәркіледі - ІІМ

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Апта ішінде 1 833 қылмыс жасалды, оның 1 419-ның «ізі суымай» ашылды.

Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

«Есірткіге қатысты 93 қылмыс анықталды, оның ішінде 15-і есірткі сату фактісі бойынша. Атап айтқанда 100 келі есірткі заты тәркіленді, оның 2 келіге жуығы - героин», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, арнайы операция барысында «Алматы-Астана» автожолында ұсталған көлікті тексеру кезінде Алматыда сату үшін дайындалған 63 келіге жуық марихуана тәркіленді. «Есірткінің заңсыз тасымалына тосқауыл қою бойынша жүргізілген арнайы іс-шаралар барысында Жамбыл облысының ІІД полиция қызметкерлері Тараздың 30 жастағы тұрғынының 917 грамм героинді сату кезінде ұстады», деді Қ. Жұманов. Мұнымен қоса, Жамбыл полицейлері «Қордай» кеден пунктінде Қырғызстанның 48 жастағы азаматшасынан 900 грамға жуық героин тәркіледі.