Жамбыл облысының шахматшылары гроссмейстер Д.Сәдуақасовтың Кубогі үшін өткен турнирдің жеңімпазы болды

АСТАНА. 8 Қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың Кубогі үшін V республикалық байқау аяқталды. Шараны ұйымдастырушы - ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы.

Турнирге еліміздің барлық өңірінен барлығы 170-тен астам шахматшы және Ресей Федерациясының Челябі облысынан «Вертикаль» шахмат клубының командасы қатысты. Турнир швейцарлық жүйе бойынша 9 кезеңмен өтті.

Тартысты ойыннның нәтижесінде жалпы командалық есепте Жамбыл облысының командасы - бірінші орынды, Ресейдің шахматшылары - екінші және Павлодар облысының жастары - үшінші орынды иеленді. Астана бұл ойында төртінші орынды қанағат тұтты.

Жеке есепте 9 жасқа дейінгі сайыста қыздар арасында жеңімпаз Әсел Серікпай (Қызылорда облысы), ұлдар арасында - Данил Смарчков (Челябі облысы) атанды. 13 жасқа дейінгі санатта бірінші жүлделі орын - қостанайлық Диана Асаубаеваға және павлодарлық Жанат Саинге бұйырды. 17 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы сайыста бірінші орынды Еркін Қозғанбаев (Астана) пен Жанар Байжанова (Ақмола облысы) иеленді.

Гроссмейстер Д.Сәдуақасов ҚР Шахмат федерациясына жаңадан келген басшы - ҚР Үкіметі басшысының орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Федерация жұмысына жаңа тыныс беретіндігіне сенім білдірді.

Қазір Қазақстанның Ұлттық құрамасы алдағы күндері Гуанджоу қаласында өтетін 16-шы Жазғы Азия ойындарына дайындық үстінде.