Жамбыл өңірінде жыл сайын 5 мың га жерге орман ағаштары егіледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат -Жамбыл облысындағы орман қорының аумағы өңірдің 30,8 пайызын алып жатыр десек, бүгінде бұл көрсеткіш артып келеді. Өйткені мұнда жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 га жерге орман ағаштары егілуде, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығы алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов айтты.

Спикердің сөзінше, 2018 жылы көктемде 1800 га алқапқа орман ағаштары көшетімен отырғызылды. Сондай-ақ, күз айында 3000-нан аса га алқапқа сексеуіл тұқымы себілген.

Сондай-ақ, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту іс-шараларына бөлінген 20 074 мың теңге қаржы 100 пайызға игеріліп, жоспарланған жұмыстар толығымен атқарылды.

Оның ішінде Жуалы, Талас, Жамбыл аудандарының аумақтарында «Жуалы-Қарашат» және Қордай мен Шу аудандарының аумағында «Қордай-Жайсан» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалдарын құру үшін жер учаскелері резервіленді. Қазіргі уақытта резервіленген жер учаскелерінде қаумал құру туралы облыс әкімдігінің қаулысының жобалары әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен келісілуде.

«Орманды алқаптың көлемін арттыруда ағаш отырғызу жұмыстарымен қатар, өрттердің алдын алу шаралары да маңызды. Бұл орайда, қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 52,2 пайызды құрап отыр. 2018 жылы Мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базаларын жақсарту мақсатында жергілікті бюджеттен - 235 млн.теңге бөлініп, қажетті құралдар алынды. 2019 жылға облыстық бюджеттен 130,0 млн. тенге бөлініп, оған орман шаруашылығы мекемелеріне қажетті техникалар алу жоспарлануда»-дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, өңірде ағымдағы жылы көктемде 2000 га алқапқа орман екпелерін көшетімен отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар, күз айында тұқым себу жұмыстары да тиісінше жүргізілмек.