Жамбыл өңіріне ет өнімдерін шығаруға 6,5 млрд. теңге инвестиция салуға дайын 5 инвестор келді - К.Көкірекбаев

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл өңіріне ет өнімдерін шығаруға 6,5 млрд. теңге инвестиция салуға дайын 5 инвестор келді. Бұл туралы бүгін «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған брифинг барысында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев мәлім етті.

«Облысқа ірі қара мал еті мен тауық етін өндіру және қайта өңдеуді дамыту үшін жалпы инвестиция көлемі 6,5 млрд. теңгені құрайтын 5 ірі инвестор тартылды», - деді К.Көкірекбаев.

Өңір басшысы деректеріне сәйкес, «Халал» стандартымен 1757 тонна ет өнімдерін шығаратын өндіріс орны Жамбыл ауданында ашылады. «ОңтүстікХалалТағамдары» серіктестігі жүзеге асыратын жобаға Біріккен Араб Әмірлігінің «ADEAS Development» компаниясы инвестиция құятын болады. Жоба құны 2,5 млрд. теңгені құраса, бүгінде оның 1,8 млрд. теңгесі толығымен игерілген.  

«Agrostanferms» ЖШС малайзиялық инвесторлардың көмегімен Меркі ауданында 3 мың бас ірі қараға арналған бордақылау орнын салмақ. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн. долларға тең. «Агро фирма Турікпен» ЖШС-і де 3 мың ірі қараға арналған бордақылау кешенін салып, 5 мың бас ірі қараға арналған мал тұқымын асылдандыру шаруашылығын құрмақ. Бұл жобаның құны шамамен 500 млн. теңгені құрайды.