Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов айтып берді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі таңда әлеуметтік төлемдерді алуға өтініш беру үшін 42500.enbek.kz сайты және @JambylObl42500Bot. телеграмм-боты жұмыс істеп тұрғанын еске салған басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмек аясында азық-түлікке 5 647 теңге мөлшерінде жәрдемақы төлеу мақсатында 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың тізімі нақтыланғанын да жеткізді.
- Бұл тізімге атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасыларынан 19 145 бала енген. Оларға Тараз қаласының және барлық аудандардың жұмыспен қамту бөлімдерінен 108 млн теңге төленді, - деді Тимуржан Бидайбекұлы.
Спикердің айтуынша, елімізде төтенше жағдай режимі жариялануына байланысты 2 АЕК-тен төмен емес мөлшердегі азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық құрамын үлестіру немесе шоттарына ақшалай қаражатты аудару үшін бірнеше санат бойынша тізім жасақталыпты. Оның алғашқысы, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі 19 129 баласы. Екіншісі, бірінші, екінші, үшінші топтағы барлық мүгедектер, бала жасынан мүгедек немесе мүмкіндігі шектеулі балалардың күтімімен отырған ата-аналар – 46 000 адам. Келесісі, ресми тіркелген жұмыссыздар, саны 12 000 азамат екен.
- Өңірде аталған азық-түлік жиынтығымен барлығы 77 130 адам қамтылатын болады. Бір жиынтық үшін қаржыландыру мөлшері 5 567 теңгені құрайды. Ал барлығы – 1 288,1 млн. теңге. Бұл соманың 1261,1 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінбек, - деп атап өтті басқарма басшысы.
Айта кетейік, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы «BizBirgemiz» қорының қаражатынан Тараз қаласы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы 7 473 адамға 50 мың теңге көлемінде көмек беру жұмыстарын жүргізілуде,-деді басқарма басшысы.