Жамбылда 2 жасар қыз құдыққа түсіп, мерт болды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қайғылы оқиға Мерке ауданында болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«26 қыркүйек күні күндіз Мерке ауданы Сурат ауылында жеке үйдің ауласындағы құдыққа екі жасар қыз құлап, батып кеткен. Оның денесін ата-анасы тапқан. Бүлдіршін үлкендердің қараусыз қалу салдарынан мерт болған», - деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Облыстық ТЖ департаменті атап өткендей, соңғы кезде қараусыз қалған балалармен болған қайғылы жағдайлар саны артқан. Тек биылғы шілде айында Тараз қаласында көпқабатты тұрғын үйдің терезесіненен кішкентай сәбилердің құлап кету оқиғасы үш рет тіркелген. Барлық балалар ауруханаға жатқызылып, ем қабылдаған.

Сондай-ақ, Таразда жеке үйде ата-анасының қарауынсыз қалған бала бассейнге түсіп кетіп, мерт болған.