Жамбылда 9 жылдан бері қараусыз тұрған мұнай базасы қайта іске қосылды

Фото: None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Жуалы ауданында 2009 жылы жұмысын тоқтатқан мұнай базасы қайта іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш мұнай базасының қайта ашылуына ауданнан шыққан танымал кәсіпкер «Орсо энерджи» ЖШС бас директоры Берік Толымбаев ықпал еткен. Ол биыл көктемде аудандық мұнай өнімдері базасы мен жанармай құю станциясын сатып алып, оны қайта жөндеуден өткізуге кірісті.

«Бас-аяғы жарты жылдың ішінде базадағы мұнай өнімдерін қабылдау ыдыстары тазаланып, өндіріс қуаты толық қалпына келтірілді. База мұнай өнімдерін сақтауға және таратуға қойылатын еуропалық стандарттар талаптарына сай етіп жабдықталған. Қауіпсіздік қағидалары да қатаң ескеріліп, әр сыйымдылықтарға өрт дабылдамасы қондырылыпты. Жанармай құю станциясы да күрделі жөндеуден өткізіліп, мұнай өнімдерін босату жабдықтары жаңартылды. Жаңадан ашылған кәсіпорында 30-ға тарта адам жұмыс істейтін болады», - деді  аудан әкімі Б.Көпбосынов.


Аудан басшысы қайта ашылған мұнай өнімдері базасының облыстағы ең ірі базалардың бірі екенін айтып, базаның өңірдегі мұнай өнімдері бағасын тұрақтандыруға сеп болып, шаруалардың астықты себу-жинау науқандары кезінде арзандатылған жанар-жағар майды бір орталықтан алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Ғибрат Сембай

Соңғы жаңалықтар