1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірдегі сайлаушылардың нақты саны 720 365 адамды құраған. Ал, облыс халқының саны 1 миллион 136,9 мың адам екенін ескерсек, халық қалаулыларына таңдау жасайтындардың қарасы қалың деген сөз.
«Бес партияның тізіміне келер болсақ, олардың барлығы өз үміткерлерін 100 пайыз тіркеді. Айталық, «Nur Otan» 390 , «Ауыл» 44, «Ақ жол» 44, «ADAL» — 31 және «Қазақстанның халық партиясы» 14 кандидатын тіркеді. Оның ішінде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар саны – 229», — деді С. Айдапкелов.
Жалпы, партиялық тізімдерге енген ерлер саны 345, әйелдер саны – 178. Ал, 29 жасқа толмаған кандидаттар саны 96 адам. Олардың ішінде қазақтар 94,8 пайыз, орыстар 0,95 пайыз, басқа ұлттар 4,2 пайызды құрайды.
Айта кетейік, тіркелген саяси партиялар үшін, 10 желтоқсанның сағат 18.00-ден бастап үгіт насихат науқаны басталды. Бұл науқанда осы партиялардың сенімді өкілдері мен тізімге енген кандидаттары өз жұмыстарын жүргізетін болады.
Спикер үгіт-насихат жұмыстары Сайлау туралы Конституциялық заңмен тиым салынбаған тәсілдер бойынша атқарылуы тиіс екенін ескертті.
«Облыс бойынша аудандар мен Тараз қаласы әкімдерімен белгіленген 223 кездесу орны бар, оның 33-і облыс орталығында, 190-ы аудандарда. Сонымен қатар, аймақта 297 үгіт-насихат құралдарына арналған орындар айқындалған, оның 39-ы облыс орталығында, 258-і аудандарда белгіленген»,-деді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.