Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениетін арттыру мақсатында Жамбыл облысының Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзу әрекеттерін анықтау бойынша жұмыстар жандануда.
«Бір апта ішінде патрульдік жасақтар жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы бойынша 1120 әкімшілік хаттама толтырды. Мәселен, жылдамдық режимін асырғаны үшін 496 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 46 дерек – жол қиылысынан өту ережелерін бұзуға қатысты, 18 дерек – қауіпсіздік белдігін тақпай жүргеніне, алты дерек – көлік басқарғанда ұялы телефонды пайдалануы бойынша тіркелді», – деді Жамбыл облысының ПД ППБ командирінің орынбасары Таңат Әлішев.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 67 жаяу жүргіншіге де қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ екі жүргізуші апаттық жағдай туғызғаны үшін, ал бір жүргізуші мас күйінде трассаға шыққаны үшін жауапқа тартылды.