Талдауға сәйкес, өңір аумағында әйелдерге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтар 7,4 %-ға төмендеген. Алайда, соңғы күндері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 31 дерегі тіркелген.
« Жыл басынан бері ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша (отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер) 1 099 әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушыларға қатысты 2 658 қорғау ұйғарымы шығарылды, 308 құқық бұзушыға сот шешімімен ерекше талаптар қойылды.
Тараз қалалық полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының жүргізген жұмысының нәтижесінде биыл өмірлік қиын жағдайға тап болған 66 әйел, 171 бала қажетті көмектер алды. Сенім телефоны арқылы жүгінген 543 әйелге көмек және қолдау көрсетілді, 1 571 азаматқа кеңес берілді», - деп мәлімдеді ведомстводан.
Полиция құқық бұзушыларды анықтап қана қоймай, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды да анықтайды. Облыс аумағында «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Жолдардағы балалардың қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары және «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Абайлаңыз, балалар», «ТОҚТА трафик» акциялары өткізіледі.