Жамбылда бюджет қаржысын талан-таражға салған шенеунік сотталды

МЕРКІ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Меркі ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 3,5 жылға шартты түрде сотталды. Бұл жөнінде облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Меркі прокуратурасы аудан әкімдігінің қызметіне талдау жүргізді. Нәтижесінде аудан орталығының бірнеше көшесіне бейнебақылау жүйесін орнату үшін жасалған сметалық құжаттарды дайындау барысында құрылыс жұмыстары мен құрылғылардың құнын арттыруға жол берілгенін анықтады.

Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының міндетін атқарушы лауазымдық өкілеттігін заңсыз пайдалана отырып, жобалық-сметалық құжаттама ретінде бейнебақылау жүйесін тиісті сараптамасыз орнату бойынша негізсіз жоғары соманы қабылдаған. Салдарынан мемлекетке 3,2 млн теңге көлемінде залал келді.

Меркі аудандық сотының үкімімен А. Әсілбайұлы ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Қазіргі уақытта мемлекетке келген шығын өтелуде.