Жамбылда «Daimond Rewards» жақұт пирамидасы қызметінің жолы кесілді
11:01, 01 Шілде 2012
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының прокуратурасы «Daimond Rewards» жақұт пирамидасы қызметінің жолын кесті,
деп хабарлады қадағалаушы органның баспасөз қызметінен.
Облыстық прокуратураның ақпаратына сәйкес, 2 жыл бойы Таразда Интернет арқылы гауһар және жақұт тастарын сатумен айналысқан «Daimond Rewards» компаниясы жұмыс істеген. Компанияның шарты бойынша азамат Интернетте тіркелген «бизнес-орынды» 350 АҚШ долларына сатып алуы тиіс. Сонымен қатар оларға тағы да 350 доллардан қаржы құятын 2 адамды тарту міндеттелген.
Қазіргі уақытта компанияға 150 мың теңгеге дейінгі көлемде қаржы салған 40-тан астам салымшының болғандығы белгілі болып отыр.
Тараз тұрғынының арызы бойынша облыстық прокуартура «Daimond Rewards» компаниясы өкілдерінің іс-әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық іс тергелу үшін қаржы полициясы органдарына жіберілді.