«Өткен жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратурамен бірлесіп, 14 кәсіпорында жалпы сомасы 852 млн теңгені құрайтын еңбекақы берешегін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қарыз толық өтелді, 3430 қызметкердің құқығы қорғалды», – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов.
Оның айтуынша, облыстағы бірнеше кәсіпорындарда жалақы бойынша қарыздар әлі де бар.
«Альтаис групп» ЖШС компаниялар тобының үш кәсіпорнында 279 қызметкерге 55,9 млн теңге берешегі бар. «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС - 2022 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы қаңтар аралығында 148 қызметкерге 41,3 млн теңге қарыз, «Айя-Сервис» ЖШС - 11,5 млн теңгеге 92 қызметкер алдында және «КАТЅА» серіктестігі - 2023 жылғы қаңтарда 3,1 млн теңгеге 39 қызметкер алдында қарыз».
«Альтаис групп» ЖШС жұмысшыларының еңбекақысын төлеу мәселесі 2022 жылы үшжақты комиссия мен дағдарысқа қарсы штаб отырыстарында бірнеше рет қаралғанымен, бұл кәсіпорында жалақы бойынша берешек азаймай отыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 152-бабына сәйкес басқарушылық функцияларды орындайтын адамның өзге мақсаттарға ақша пайдалануына байланысты жалақыны төлеуді толық көлемде және белгіленген мерзімде бірнеше рет кешіктіру бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
«Егер бұл мәселе шешілмесе, прокуратураға шара қолдану туралы ұсыныс түседі», - деді Жарылқасын Айтақов.
Өткен жылдың желтоқсан айында «Меркі асыл тұқымды мал зауыты» АҚ-да серіктестік қызметкерлерінің ұжымдық өтінішін қарау барысында жоспардан тыс тексеру жүргізілді. 2022 жылдың қыркүйек-қараша айларында 109 қызметкерге 20,3 млн теңге жалақы берешегі анықталды.
«Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ президенті А. Ахметовке 103 500 теңге көлемінде айыппұл салынды және міндетті түрде орындалуға жататын АҚ қызметкерлеріне жалақы бойынша берешекті толық көлемде төлеуге нұсқама берілді. Алайда АҚ тарапынан ресми ақпарат түскен жоқ. Сот органдарына талап арыз беріледі», - деді спикер.
«Бүгінгі таңда бес кәсіпорын проблемаларды тұрақтандыруға байланысты осы тізімнен шығарылды – «Қаратау АПК», «НДФЗ» тыңайтқыштар зауыты», «Қазфосфат» ЖШС және «Таразэнергоцентр» АҚ филиалдары» , – деп атап өтті Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов.