Жамбылда қар көшкінінен кейін ашылған «шұғыл желіге» 50-ден астам қоңырау түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Көксай шатқалындағы қайғылы оқиғада зардап шеккен әскери қызметшілерге ақпараттық және психологиялық қызмет көрсету үшін Жамбыл облысында екі күн бойы «шұғыл желі» жұмыс істеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Талғат Сабыров мәлім еткендей, өңірлік ТЖД-да бірден ашылған «шұғыл желіге» 50-ден астам қоңырау келіп түскен.

«Әскери қызметішлердің туыс-туғандары, достары қоңырау шалып жатты. Зардап шеккендер арасында аты-жөндері мынадай әскери қызметшілер бар ма, жағдайлары қандай, деп сұрап жатты. Қар көшкіні болған Көксай шатқалы маңында тұратын туыс-туғандарының қал-жағдайларын білуге де хабарласты. Әскери қызметшілерді құтқару бойынша өз көмектерін ұсынған адамдар да болды. Қоңыраулардың түсуі тыйылғаннан кейін,  қазір желі жабылды», - деп атап өтті Т.Сабыров.

Еске салсақ, 17 ақпан күні Жамбыл облысында 91678 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жауынгерлік дайындық бойынша Көксай шатқалында өтіп жатқан жоспарлы сабағы барысында күтпеген жерден қар көшкіні түсті. 7 адам қаза тауып, 16-сы зардап шекті. Көксай шатқалындағы құтқару жұмыстарына 185 адам мен 24 техника жұмылдырылды.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын тексерумен және қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша жұмыстарды ұйымдастырумен ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов басшылық еткен үкіметтік комиссия айналысуда. ҚР Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев мәселені жеке бақылауына алды.