Жамбыл облысында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.
Негізгі мақсат – ұзақ уақыт облыс аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарын, сондай-ақ жол жүру билетін сатып алуда қаржылық қиындыққа тап болған шетел азаматтарын анықтау.
«Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілген үш күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 50 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Мәселен, Тараз қаласындағы шағын ауданнан Қазақстанда жұмысқа орналасуға тиісті рұқсат алмай, еңбек етіп жүрген Өзбекстанның 35 азаматы ұсталды» делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, шетелдік азаматтардың келуі туралы полиция органдарын уақтылы хабардар етпегені үшін 45 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, Қазақстанның «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес, қабылдаушы тұлғалар өздеріне келетін шетелдіктер туралы ішкі істер органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.