Жамбылда медицина мекемелері коронавирустың екінші толқынына дайын ба

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен облыстық перинаталдық орталықта өткен кездесуде денсаулық сақтау саласындағы жағдайдың барысы сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қатысса. Сондай-ақ, бейнеконференц-байланыс режимінде аудандық ауруханалардың қызметкерлері де қосылды.

Басқосуда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев денсаулық сақтау саласын дамытуға 90 миллиардтан астам теңге бағытталғанын айтты.

Облыстық көпбейінді аурухана базасында дұрыс тамақтану орталығы, көпбейінді балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды.

Жедел жәрдем машиналары GPS навигациясымен жабдықталған. 18 реанимобиль, 8 жылжымалы медициналық кешен және 70 санитарлық автомобиль сатып алынды. 1 069 079 тұрғынның электрондық денсаулық паспорты рәсімделген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 10 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден, 4 нысан ағымдағы жөндеуден өткен.

«Көптеген жас аналар не істерін, кімге жүгінерін білмейді. Дәрігерлер жүкті әйелдердің есебін жүргізіп, олардың уақытылы тексеруден өтуін қадағалауы керек. Осы тұрғыда маған цифрландыруды енгізу туралы есеп берілді. Демек жүкті әйелдер туралы барлық мәліметтер қол жетімді. Тек осы мәліметтермен жүйелі жұмысты ұйымдастыру қажет», - деп облыс әкімі Әсет Қалиевке тапсырма жүктеді.

Коронавирустың ықтимал екінші толқыны туралы айта келе, А.Қалиев оған барлық медициналық мекемелердің 100 пайыз дайын екендігіне сендірді.

«Коронавирустың екінші толқыны кезіндегі аурушаңдықтың қарқындылығы дәрігерлердің жедел жұмысына байланысты болмақ»,- деді аймақ басшысы.

Коронавирустың жағдайына байланысты «қызыл», «сары» және «жасыл» секілді үш деңгей анықталды. Жалпы 4000-нан астам төсек-орын әзірленген десек, ал дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған. Жаз айымен салыстырғанда қазір медициналық жабдықтардың саны артқан.

Тағы бір маңызды мәселе – медицина мамандардың жетіспеушілігі. Облысқа 194 жас маман келсе, оның 76-сы Тараз қаласында, 118-і аудандарда жұмысқа орналасқан. 98 маманға әлеуметтік көмек көрсетіліп, 15-і тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

«Тараз қалалық көпсалалы аурухана базасында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылатын болады. Соның нәтижесінде, тар бейінді мамандардың тапшылығы мәселесі шешілуі тиіс», - деді облыс әкімі.