Жамбылда той кортежінде тәртіп бұзған жастар 265 мың теңге айыппұл төлейді

Фото: Видеодан алынған кадр: instagram.com/zhambyl_police
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында тойдағы көлік кортежіне қатысқандар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат полицияға сілтеме жасап.

Жамбыл облыстық ПД қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында той салтанатының шеруінде көлік кортежінің қатысушылары жасаған заңсыз маневрлерді анықтады.

Бейнематериалды зерделеу барысында мынадай жол ережесін бұзу деректері тіркелді: заңсыз орнатылған қызыл-көк түсті жарық сигналдары, мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауы, көлік терезесі мен люктен басы мен қолын сыртқа шығарып отырған жастар, дрейф және т. б.

Полицейлер оқиғаның бүкіл қатысушыларын анықтады. Құқық бұзушылардың жасы - 22-27 аралығында.

Мәселен, «Lada 21703» және «BMW 530» маркалы көлік иелері ҚР ӘҚБтК 590-бабы 9-бөлігінің, 230-бабы 2-бөлігінің, 596-бабы 2-бөлігінің, 630-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ кодекстің 593-бабының 1-бөлімі бойынша «BMW 525» жүргізушісіне және 603-бабының 2-бөлімі бойынша «Toyota Camry» иесіне әкімшілік хаттама толтырылды.

Көлікке арнайы жарық сигналдарын заңсыз орнату және қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілері бойынша іс материалдары әкімшілік сотқа жіберілді.

Көліктер айып тұрағына қойылды. Тәртіп бұзушыларға жалпы сомасы 265 мың 650 теңге көлемінде айыппұл салынды.