Жамбылда ТЖ талаптарын бұзып, балық аулағандар ұсталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында төтенше жағдай талаптарын бұзып, балық аулаған оннан астам тұлға анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайға байланысты салынған тыйымға қарамастан, полиция қызметкерлері аудандық аңшылық шаруашылығы қорықшыларымен бірлесе отырып арнайы рейд жүргізіп, ондаған заңбұзушыны анықтады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады

Көктемде балық аулаушылар, табиғат аясында демалушылардың қатары күрт көбейеді. Алайда, қазіргі уақытта төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты балық аулауға және табиғатта демалуға тыйым салынған, ал рұқсатсыз балық аулаушылар жазаға тартылады.

«Жуалы ауданының Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында екі әуесқой балықшы ұсталды. Осы секілді Шу өзенінде Мойынқұм ауданының үш тұрғыны ТЖ режимін бұзған. Меркі ауданында тыйым салынған демалыс пен балық аулаудың сегіз фактісі тіркелді. Оларға қатаң ескерту жасалып, 27 780 теңге көлемінде айыппұл салынды» делінген ведомство хабарламасында.

Барлық құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК 383-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын бұзғаны үшін 209 әкімшілік құқық бұзу және 6 қылмыстық құқық бұзу фактісі тіркелген.