Жамбылда жылдамдықты асыру салдарынан 125 көлік апаты болған

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жылдамдықты асыруға байланысты 125 жол көлік оқиғасы орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағымдағы жылдың басынан бері облыс жолдарында жылдамдықты асыруға байланысты 125 жол-көлік оқиғасы орын алған, онда 34 адам қаза тауып, 159 адам түрлі дене жарақаттарын алды.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады.

«Жыл басынан бері барлығы 60 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзушылық анықталды, оның ішінде жолдарда жылдамдықты арттырған 5 495 көлік жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тек «Арқан» мобильді кешендерінің көмегімен республикалық маңызы бар автожолдарда жылдамдықты арттырудың 20 мыңнан астам дерегі анықталды», – деді полиция департаменті жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.