Жамбылдық құтқарушылар басқа өңірлерге көмек көрсетуге дайын

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдары көктемгі ТЖ-ға қарсы басқа өңірлерге көмек көрсетуге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ағымдағы жылғы облыста қар аз түсті, бірақ ТЖ департаментінің мамандары қырағылықты жоғалтпайды және барлық қажетті іс-шараларды атқарды. Су тасқыны жағдайының алдын алу және жедел әрекет ету мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінің күштерін пайдаланудың ұтымды жолдары қарастырылды.

«Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдары көктемгі ТЖ-ға қарсы басқа өңірлерге көмек көрсетуге дайын. Басқа облыстарға бару үшін 26 адам және 6 арнайы техника жабдықтары мен жүзу құралдары бар техника дайындыққа келтірілді. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде жеке құрамның қауіпсіздігі үшін Департамент басшылығы нұсқаулық өткізді»,- дейді ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобынын бас маманы Сәуле Мұнатаева.

Сондай-ақ, бас маманның айтуынша, «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында барлық мүдделі органдарды тарта отырып, арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өткізілген. Елді мекендерді, шаруашылық жүргізу объектілерін және халықты қорғау үшін облыста су объектілерін реттеу, ондағы судың қауіпсіз деңгейін ұстау, су қоймалары мен су тораптарының тұрақтылығын арттыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда.

Өңірдегі ірі су қоймалары – Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ бойынша жұмыс режимінің кестесі әзірленіп, олардың толу деңгейі бақылауға алынды.