Жамбылдық педагогтар тау-қорықшы ротасының сарбаздары туралы әңгімеледі
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Жамбыл облыстық мектептен тыс шаралар орталығы, әлеуметтік мәдени бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі Ольга Сағындықова 91678 әскери бөлімі тау-қорықшылар ротасының әскери қызметшілерімен кездесуден алған әсері жайлы әңгімеледі.
«Біздің орталықта облыс педагогтарына және курсанттарға арналған жаттығулар, шеберлік сыныптары, тау туризмі, альпинизм және өзге де түрлі бағыттар бойынша тренингтер өтіп тұрады, - дейді О.Сағындықова. - Бірнеше жылдан бері біздің тәрбиеленуші-курсанттар және педагогтар тауға шығып тұрады, әсіресе альпинизммен айналысуға бар жағдай жасалған Көксай шатқалына жиі барамыз».
«Альпілік» арнайы ротасын дайындау жан-жақты түрде жүргізіледі. Жауынгерлер кез келген қиындықтағы тау рельефін өздігінен қиып өтуге дағдыланады.
«Тау-қорықшы ротасының сарбаздары бізді алып жүрді, өздерінің бірегей мүмкіндіктерін көрсетті, біздің балалар көптеген фотосуреттер түсірді. Жауынгерлер ирандық, ауғандық секілді түрлі альпинистік түйін жасауды үйретті. Мен сонда командирден, ауған соғысының ардагерінен осының бәрін қайдан үйрендіңіз деп сұрадым. Бөлімше командирі, аға лейтенант Бек Қамбарбеков өзін және өзге де жолдастарын АҚШ-қа арнайы оқуға жібергенін айтты. Америкалықтар біздің жамбылдықтардың Ауғанстанның таулы өлкелеріндегі әскери қимылдарға қатысу тәжірибесін жоғары бағалаған», - деді О.Сағындықова.
Одан бөлек, «аттылы тау-қорықшылар» атауы да жамбылдық бөлімшенің ерекшелігі болып табылады.
«Біз ондағы аттардың жатаған, аласа екеніне назар аудардық, - деп жалғастырды О.Сағындықова. - дәл осы аттармен тау-қорықшы ротасының әскерилері кез келген құздардан өткен. Алғашында асыл тұқымды, биік, ірі жылқыларды сатып алғандарын айтты. Бірақ, бірінші тау сапарынан-ақ, олардың тауға жарамсыз екені анықталды. Оларды тез арада бойы аласа аттармен алмастырған. Олар тауда жүруге әбден икемделген».
Сұхбат беруші балалар мен педагогтардың әскери бөлімге де барғанын атап өтті. «Барлық жерде мінсіз тәртіп болды, - дейді ол, - мінсіз жиналған кереуеттер, тазалық, жайлылық, гүлдер. Бізге бөлім аумағын, техника паркін көрсетті, химиялық қорғаудан шеберлік сыныптарын өткізді».
Қазақстанда 2000 жылы Қырғызстанның оңтүстігіндегі таулы аймақтарға басып кірген ислам экстремистерімен күрес тәжірибесі назарға алынған. 2003 жылы Қазақстан Қарулы күштерінде Жамбыл облысында, қазақстандық-қырғызстандық шекара маңында, Талас Алатауының бөктерінде орналасқан 91678 бөлімшесінің аттылы тау-қорықшылар батальоны құрылды.
Бұрын хабарланғандай, Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында өтіп жатқан 91678 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жауынгерлік дайындығы бойынша жоспарлы сабағы барысында күтпеген жерден қар көшкіні орын алды. ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов бастаған Үкімет комиссиясы жұма күні қар көшкіні салдарынан әскери қызметшілер қаза тапқан Жамбыл облысына келді. Комиссия мүшелері оқиға орнында төтенше жағдайдың себебін анықтап, қаза тапқандардың отбасына көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырумен айналысады. Қаза тапқан әскерилердің отбасыларына өтемақы беріледі.
Бұл мәселе ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың жеке бақылауында .
Кеше Жамбыл облысындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қаза тапқан әскерилермен қоштасты .