Жамбылдық полицейлер «Абайлаңыз - балалар!» акциясын өткізуде
17:36, 06 Қыркүйек 2010
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбылдық полицейлер «Абайлаңыз - балалар!» акциясын өткізуде, деп хабарлайды Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Облыстық ІІД ЖПБ мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны Бақытжан Жолдасбековтің айтуынша, өткен жеті ай ішінде облыс жолдарында балалардың қатысуымен 58 жол-көлік апаты орын алды. «Оның салдарынан 14 бала қаза тауып, 57-сі түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды», - дейді полиция капитаны.
Қыркүйектің бірінші онкүндігінде, «Абайлаңыз - балалар!» акциясы аясында және балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу мақсатында жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында дәрістер, әңгімелер, арнайы сабақтар өткізу, сонымен қатар, «Үздік мұғалім», «ЖҚҚ үздік сыныбы», «Үздік мектеп» байқауларын өткізу де жоспарда бар.