Жамбылдық полицейлер өртенген мүрдесі арықтан табылған ер адамды өлтіруде күдіктілерді ұстады

None
ТАРАЗ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Таразда 2012 жылдың желтоқсан айында арықтан өртенген мүрдесі табылған ер адамды өлтіруде күдіктілер ұсталды, деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

«2012 жылдың 7 желтоқсанында Тараз-Аса тас жолының 11-ші шақырымында, жолдан 30 метр қашықтықта орналасқан суарма арығында жасы мен нәсілі анықталмаған, зорлық белгілері бар, болжам бойынша ер адамның өртенген мүрдесі табылды. Тараз қалалық ІІБ-ның тергеу бөлімі ҚР ҚК-нің 96 бабыныің 2 бөлімімен қарастырылатын қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады», - делінеді хабарламада.

Тергеу барысында, сондай-ақ сот-молекулярлық сараптама қорытындысына сәйкес, ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері табылған адамның есімін анықтай алды. Ол Тараз қаласының 49 жастағы тұрғыны болып шықты.

2013 жылдың 13 наурызында жедел-іздеу шараларын өткізу кезінде 2012 жылдың 5 желтоқсанында орын алған қылмысты жасауда айып тағылып отырған облыс орталығының екі тұрғыны ұсталды. «Бұған дейін сотталған және Ресей Федерациясына есірткі контрабандасын тасымалдағаны үшін мерзімдерін өтеген екі дос осы жолы да бірлесіп әрекет етті. Олар өздерінің құрбандарын әуелі ұрып-соғып, содан кейін қаланың сыртына апарып, өртеп жіберді», - деп түсіндірді ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Қанды оқиғаның себептері мен жайттарын қазіргі кезде тергеу анықтауда. Күдіктілерді қамауға алу санкциясы алынды, деп хабарлады баспасөз қызметінен.