Жамбылдық шаруалар мал азығын жоспарлағаннан да көп жинады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының шаруалары үшін биылғы жыл ырысты болды. Маусым айында ұзақ уақыт бойы нөсерден көз ашпаған өңірде шөп қалың өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша, дәні дақылдардың жиын-терімі аяқталып, малға жем-шөп жинау жұмыстары жалғасуда. 

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бастығының орынбасары Еркебұлан Анабековтың сөзінше, өңірде 1,5 млн тонна шөп дайындалып қойған. Сондай-ақ бұрын қалған шөптен тағы 19 мың тонна азық жиналған. 14 мың тонна сүрленген шөп пен 140 мың тонна сабан тағы бар.

Анабеков сонымен қатар жамбылдық шаруалардың биылғы жылы дәнді дақылдарды да оның масағын да мол көлемде жинағандығын айтты. Сондай-ақ бау-бақша өнімдері де көңіл толтырарлықтай жиналды. Дәнді дақылдар мен оның масақтары гектарына 23,6 центнерден айналды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.