Жамбылдық судьялар студенттермен және жас мамандармен кездесті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Шу аудандық сотының судьясы Ерлан Ілиясов пен Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Думан Мәуленов сот жүйесінің қызметін түсіндіру мақсатында жастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шу аудандық сотының cудьясы Ерлан Ілиясов Шу қаласындағы №10 колледж студенттерімен кездесу өткізді. Судья өз сөзінде сот қызметі туралы, сотта қаралатын істердің санаттары, мемлекттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, еліміздің сот жүйесі туралы, сот саласына енгізілген заманауи технологиялар жөнінде түсіндірме жасады. Сонымен қатар, 2018 жылдың 5 қазанындағы  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы  Жолдауы бойынша құқықтық оқыту жұмыстарын  жүргізді.

Кездесу барысында судья сот жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізу бойынша, соның ішінде қылмыстық істер бойынша электрондық сот өндірісі туралы, сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға  да тоқталып өтті.

Іс-шара соңында судья студенттердің барлық туындаған сұрақтарына жауап беріп, оқуда сәттілік тіледі, өз кезегінде студенттер кездесу үшін алғыстарын білдірді.

Осы күні Тараз қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Думан Мәуленов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Жамбыл облысы бойынша филиалында «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілер үшін «Әкімшілік құқық бұзушылықтар» тақырыбында дәріс сабағын өткізді.

Судья Д.Мәуленов өз сөзінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау және хаттаманы талапқа сай рәсімдеу мәселелерін талқылап, іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын негіздерге тоқталды.

Сондай-ақ ол әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға қойылатын талаптарға жеке тоқталып өтті.

Іс-шара соңында, судья мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күннен-күнге күшейіп келе жатқанын айтып, білімдерін жетілдіру қажеттігіне назарларын аудартты. Бұған қоса, судья Д.Мәуленов сот жүйесінің модернизациялау мәселелеріне, «Сот жүйесінің 7 түйіні» бағдарламасына шолу жасады. 


Ғибрат Сембай