Жамбылдық төрт меценат «Жомарт жүрек» сыйлығын иеленді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық 4 үміткер «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, волонтерлерді кіші отанын дамытуға ынталандыру және қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын насихаттау мақсатында 2018 жылы «Жомарт жүрек» жобасы жүзеге асырылуда.

Аталған жоба аясында салтанатты құттықтау рәсімі барлық деңгейде ұйымдастырылды. Салтанаттың мақсаты - халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, көтермелеу және кіші отанын дамытуға қатысуға уәждемелеу, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін тарату, қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын танымал ету.

Жамбыл облысында бұл байқауға 64 адам қатысты. Облыстық деңгейдегі рәсім ағымдағы жылдың 16 қарашасында «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумы аясында өткен болатын. Содан іріктеліп шыққан үздік 5 лауреат республикалық бәсекеге қатысты. Кеше Астана қаласында өткен «Жомарт жүрек» сыйлығы лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімінде жамбылдық 5 үміткердің төртеуі өз номинациясында жеңіске жетті. Республикалық деңгейде 50 лауреат марапатталса, оның ішінде Жамбыл облысынан 4 меценат бар. Олар - Сайрамбай Дөненбаев, Жанболат Бекмұсаев, Ерболат Саурықов және Айгүл Разақова. 

«Жыл тұлғасы» номинациясында жеке кәсіпкер, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев үздік атанды.  Сайрамбай Дөненбаев Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылына өз қаражаты есебінен «Мұрат баба» мешітін салып, халық игілігіне берді. Осы ауданда 40 орындық интернат құрылысын жүргізіп, мемлекет меншігіне өткізді. Онда аз қамтылған отбасы балалары мен алыс жайылымдардағы шопан балалары тәрбиеленуде. Сонымен қатар, 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандары мен 1941-1945 жылдардағы ҰОС жауынгерлеріне арналған саябақ пен мемориалды тақта салып, оны тегін мектеп балансына өткізді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының аясында өткен ат бәйгесі ойындарына және ауданның қорына қаржы аударды. Т.Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылында 92 орындық балабақша құрылысын аяқтап, халық игілігіне ұсынды. Ауылда ұлттық ат спорты өнерін дамытуға да үздіксіз қаржылай көмек беріп келеді. Ол жас көкпаршыларды даярлауға қаржы бөлген.

Ал «Тараз инновациялық гуманитарлық университеті» ректоры Ерболат Саурықов «Туған өлке» номинациясы бойынша лауреат атанды. Е.Саурықов 2017-2018 оқу жылдарында университетте 12 талапкерге, оның ішінде 9 футболшы, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өзінің атынан тегін оқу грантын берді. Сонымен қатар, 516 студентке әлеуметтік жеңілдік қарастырып, және әр жыл сайын отбасылы студенттердің балаларына жаңа жылдық мерекесінде арнайы сыйлық беру қарастырып, қаржы бөлген. Сондай-ақ, Е.Саурықовпен және Мойынқұм  ауданымен 5 жылға арналған өзара келісімшарт жасалған. Е.Саурықов 2018 жылы Мойынқұм ауданы Құмөзек ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің саябағында жөндеу жұмыстары жүргізуде. Сондай-ақ, осы жылы Байзақ ауданының 80 жылдық мерейтойын өткізуге қаржы аударған.

«Жыл меценаты» номинациясын «Alga Diamond» компаниясының президенті Жанболат Бекмұсаев иеленді. Жанболат Қаратайұлы жыл сайын Жамбыл облысы Сарысу ауданының Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектеп жанындағы интернет үйінің балаларын киім-кешекпен, азық-түлікпен және жиһаздармен қамтамасыз ете отырып, көмек көрсетіп келеді. 2018 жылы Саудакент ауылында «Стритворкаут» спорттық алаңдарының құрылысына демеушілік көмек көрсетті. Жаңатас қаласында Ауған соғысы ардагерлері құрметіне естеліқ тақта орнатты.

«Айналайын» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Разақова «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша лауреат атағын иеленді.

2000 жылдары А.Разақова өзінің пәтерінен әртүрлі үйірме ашып, үйірмелерге 200-ден астам ауыл балаларын қабылдады. 2004 жылы бұл орталық толыққанды қоғамдық бірлестікке айналады. Бүгінде, орталықта «ағылшын тілі», «хореография», «еріктілер клубы», «театр», «қоршаған ортаны қорғау», «фотоклуб», «кестелеу», «балалар кітапханасы», «дизайн» үйірмелері жұмыс істеп тұр. Жазда шағын лагерь жұмысын бастайды. Сонымен қатар, қыз жасауы, киіз үй жасауы, сол сиқты балалар тауарларын шығару қолға алынған. Клуб соңғы 8 жыл бойы қатарынан мүгедек балалардың әлеуметтік қорғалуы мен қолдауына бағытталған «Шуақ» атты киіз үй лагерін өз қаражатына жүргізіп келеді. Волонтерлік клубының мақсаты - сау балалар мен мүгедек балалар арасындағы қарым қатынастарды нығайту. Қазіргі таңда волонтерлік клубының қатарында 300-ге жуық ерікті бар,  оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жастар да бар. Айгүл Разақова 15 жұмыссыз әйелді жұмысқа орналастырды. Аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге арналған 5 аудандық қайырымдылық шара өткізді. Сонымен бірге, 2012 жылы Разақованың орталығы «ЮНЕСКО-ның Клубы» сертификатына ие болды.

«Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоры» қоғамдық қоры «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Қордың жетекшісі - Анжелика Сарьян. Қор «Жылжымалы хоспис» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда. Жоба емделушілерге кеңес беру және емдеу, паллиативті күтім көрсетуге бағытталған. Ол өз ұйымының жұмысын ауру адамдардың ауруларын жоюға, бәсеңдетуге, емделушінің психологиялық, рухани мәселелерін шешуге және еріктілер тобымен бірлесе отырып, паллиативті көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Қор күніне 10-15 үйге шақырту қабылдайды. Емделушілерді дәрігердің қабылдауына, тексерілуге және емдеу шараларына жеткізеді. Бүгінгі күні облыстық онкологиялық диспансерде 5 мыңға жуық адам есепте тұр. Жобаның арқасында қор қызметкерлерінің саны 23 адамға жетті. Жастар арасынан волонтерлер келіп қосылды. Емделушілердің үйлеріне дәрігер, медбике, әлеуметтік қызметкер, психолог және қажеттігіне қарай рухани демеушілер барып тұрады. Медициналық және психоәлеуметтік көмектен басқа да материалдық жәрдем де көрсетіледі. Осы жылы қор өз есебінен мүгедектік қоларбалар, ойылып кетуге қарсы матрацтар алынып, кейбір жанұяларға өтеусіз тегін берілді.

 

Ғибрат Сембай