Жамбылдық және алматылық елу құтқарушы Қордай тауларында саңырауқұлақ жинауға шыққандарды бір тәулікке жуық уақыт іздеді

None
ТАРАЗ. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Жамбылдық және алматылық елу құтқарушы Қордай тауларында саңырауқұлақ жинауға шыққан алматылықтарды бір тәулікке жуық уақыт іздеді,

деп хабарлады Жамбыл облысы ТЖД-нің баспасөз қызметінен.

«7 сәуір күні Алматы қаласынан «Тойота 4-Раннер» көлігімен Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Отар ауылдық округінің маңындағы тауларға саңырауқұлақ жинауға екі жарым және бес жастағы балаларды ертіп, алматылық бір отбасы шықты. Техникалық ақаулардың салдарынан көлік тоқтап қалғаннан кейін, зайыбы мен балаларын көлікте қалдырған отағасы, ұялы байланыс жұмыс істейтін аймақты іздеп, белгісіз бағытта кеткен», - деп айтып берді ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Руслан Иманқұлов.

28 жастағы отбасы иесі ұялы байланыс аймағын тауып, болған оқиға жайында әкесі мен полицияға хабарлаған соң, онымен байланыс жоғалып кетті.

«Іздеу үшін ТЖД тобының жеті адамнан тұратын жедел тобы және «УАЗ» көліктерімен Алматы қаласының республикалық жедел-құтқару жасағының алты құтқарушысынан тұратын ТЖД-нің жедел тобы жұмылдырылды. Сонымен бірге, іздеу жұмыстарына сегіз жеңіл көлікпен шыққан 40 адамнан тұратын Қордай аудандық ІІБ-нің жеке құрамы, сондай-ақ жол талғамайтын екі жеңіл көлікпен шыққан жоғалғандардың достары мен туыстары қатысты», - деп нақтылады Р.Иманқұлов.

Жоғалған ер адам 8 сәуір күні сағат 21.45-те қой қораларының бірінен, ал оның зайыбы мен балалары түнгі сағат 01.30-да Отар ауылдық аймағының Кеңдіктас шатқалынан табылды.

«Барлығының денсаулық жағдайы қанағаттанарлық», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.