Жамбылдықтар елордадағы жәрмеңкеге 300 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімін әкеледі

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараздан елордаға автокеруен аттанды. Керуен құрамында жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері тиелген он үлкен жүк автомобилі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

12-13 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Хан шатыр сауда ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда өтетін жәрмеңкеде Жамбыл облысының өнімдері сатылатын болады.

Олар елорда тұрғындарына құны 320 миллион теңге болатын 282,6 тонна азық-түлік өнімдерін ұсынбақ. Тоңазытқыштармен жабдықталған автокөліктермен елордаға ет, балық, шұжық, сүт, кондитерлік және макарон өнімдері, өсімдік майы, бал, кептірілген жемістер мен көкөністер жеткізілмек.

Олардың бәрі нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен сатылатын болады.

Өнімдерді Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан 90 ауылшаруашылық тауар өндірушілері ұсынуда.

Т. Рысқұлов ауданынан елордаға «Подгорное» ЖК-нің құны 1,5 миллион теңгеніңшұжық өнімдері жөнелтілген.

«Бұл өз өнімдерімізді ешқандай делдалдарсыз өткеруге, бәсекелестік ортаны зерделей түсуге жақсы мүмкіндік. Егер елордалықтар біздің өнімдерімізге жоғары сұраныс танытып жатса, онда ол жаққа өз тауарымызды тұрақты түрде жөнелтіп тұратын боламыз», - дейді шұжық цехының басшысы Марина Ильиных.

Байзақ ауданының «Раушан» шаруа қожалығы Нұр-Сұлтанға қара өрік, алма, жылыжай қияры мен қызанақ, жүзім, ал Жамбыл ауданының «Аса – Даму» ЖШС бес мың дана жұмыртқа жіберген.

Жәрмеңкеде таластық «Аянұр» және «Айнар» шаруа қожалықтары екі тонна сиыр

етін келісін 1700 теңгеден сатуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, барлық өнімдер санитарлық-ветеринарлық талаптарға сәйкес келеді және тауардың сапасы мен шығуы туралы сертификаттарға ие.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілуде.