«Жамбылдың бюстін «жекешелендірген» ақсақал» - БАҚ-қа шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Жамбылдың бюстін «жекешелендірген» ақсақал» атты мақала берілген. «Жөн сұраса келе белгілі болды, телефон шалып тұрған адам Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласының жанындағы Оранғай ауылының тұрғыны Әбдіғани Ташметов деген ақсақал екен. Сөзінен ұққаным, тоқсаныншы жылдары колхоз кеңсесінің алдындағы тұғыр таста тұрған Жамбыл Жабаевтың бюстін «жекешелендіріп» алыпты. «Құжаттарым бар» деп қояды. Хабарласқандағы мақсаты, «тарих пен мәдениетті қастерлейтін есті азаматтар болса, ақын мүсінін солардың қолына аман-есен тапсырсам» деген тілек екен. Ал басқа емес, маған телефон шалғаны, сірә, жыр алыбының мүсініне бір қызықса, ақынның атын иеленіп отырған іргелі облыстың шенеуніктері қызығатын шығар, ал журналист ініміз соларға газет арқылы жеткізетін шығар деп ойлаған сияқты»,-деп жазады мақала авторы.
Осы басылымның жазуынша, Қазақстан Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің Тәжікстан Республикасына ресми сапары басталды. Душанбеде қорғаныс ведомствосының басшысын Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Әділбек Жақсыбеков екі жақты әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық пен әскери білімнің келешекте дамуын Тәжікстан Қорғаныс министрі Шерали Хайруллоевпен талқылады. Екі ел қорғаныс ведомствосының өзара тығыз байланысын қазақстандық және тәжікстандық әскерилердің ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ бітімгерлік жаттығуларына қатысуынан аңғаруға болады. Келіссөздің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан қорғаныс министрлері Тәжікстан Қарулы күштеріне қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл жайында «Тәжікстанға қайтарымсыз әскери-техникалық көмек» деген материалда берілген.
***
«Айқын» газеті «Шенеуніктер шетелде қаржы сақтай алмайды» деген мақаланы оқырман назарына ұсынып отыр. Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметшілерге шетелде актив ұстауға тыйым салынуы мүмкін. Қазақстан халқы осыны қолдап отыр: Қаржы полициясы өзі әзірлеп жатқан арнайы заң жобасына қоғамнан тиісті ұсыныс енгізілгендігін мәлімдеді. Халықтың бұл ұсынысы ең жоғары деңгейде қолдауға ие болуы ғажап емес. Ақордада өткен Кәсіпкерлер кеңесінің жиынында Қазақстан Көшбасшысы «Қаржыларын шетелдегі жылжымайтын мүлікке емес, ұлттық экономикаға инвестициялау - қазақстандық кәсіпкерлердің патриоттық борышы» екендігін айта келе, шенеуніктерді шетелдегі активтерінен арылуға мәжбүрлеп жатқан көрші Ресейдің тәжірибесін тілге тиек етті. Егер бұл тыйымды Парламент депутаттары қолдаса, онда барлық министрлер мен олардың орынбасарларына, жауапты хатшыларға, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларына, сондай-ақ Қазақстандағы барлық қала, аудан, кент, ауыл әкімдеріне, облыс әкімдері аппараттарының басшыларына жат жерлердегі, оффшорлардағы компанияларын, сондай-ақ қонақүй, баспана және басқа да жылжымайтын мүліктерін сатып, құтылуға, басқа елдердегі банктердегі есеп-шоттарын жабуға тура келмек. Әйтпесе, ұлттық заң талаптарына лайық емес деп танылып, жоғары лауазымдарынан айырылады.
«Иония штатының округтік судьясы Мичиган Раймонд Воут фемида өкілдерінің қандай болуы қажеттігін өз ісімен дәлелдеп берді. Анығын айтар болсақ, ол өз-өзіне айыппұл салды»,-деп жазады «Айқын» басылымы. Оқиға былай болған. Айыптаушылар мен куәгерлердің сөзін тыңдау кезінде сот залында аяқ астынан ұялы телефон шырылдап қоя берген. Сөйтсе, телефонның дауысы басқаныкі емес, істі жүргізіп отырған судьяның өзінікі болып шыққан. Сасқанынан Мичиган Раймонд Воут апыл-ғұпыл жанқалтасына қолын салып, телефонын тез арада өшіруге мәжбүр болған. Ал АҚШ заңы бойынша сот тыңдауы басталар сәтте залға кірместен бұрын судьялар ұялы телефондарын мүлік сақтау камерасына тапсыруы керек. Ал Мичиган Раймонд Воут асығып жүріп ұялы телефонын өзімен бірге сот залына алып кірген.
- Әрине, бұл ыңғайсыз жағдай. Бәріміз де заңның алдында бірдейміз, - деген судья соттағы тыңдау процесі біткен соң, өз-өзіне айыппұл салған. Ал оның көлемі - 25 доллар болып шыққан. Сөйтіп, ол өз аяғымен барып, сот ғимаратының жанындағы банкке айыппұл төлеген.
***
«Казахстанская правда» басылымы «С учетом мнения граждан» атты материалда қаржы полициясы тарапынан жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша азаматтардан ұсыныс жинау шарасы аяқталғанын жазып отыр. 9 күннің күннің ішінде азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардан 120 ұсыныс келіп түсті. «Жұмыс тобы мүшелерін мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы жетілдіру брйынша, жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту, мемлекеттік қызметкерлердің шығыстарын міндетті декларациялауға байланысты идеялар айрықша қызықтырды», деп жазады газет.