Жәмила Бақбергенова әлем чемпионаты финалындағы қарсыласы туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында әйелдер күресінен финалға шыққан Жәмила Бақбергенова бүгінгі белдесуі мен алдағы қарсыласы жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүбірлі додада 72 келі салмақта бақ сынаған Жәмила алдымен өзбекстандық Светлана Окназарованы айқын басымдықпен жеңсе, одан кейін румыниялық Александра Ангелдің осал тұсын тапты .

Нәтижесінде ол финалда бақ сынауға мүмкіндік алды. Ендігі қарсыласы - АҚШ спортшысы Амит Элор.

«Жартылай финалдағы белдесуім сәтті өтті. Қарсыласым лас әдістермен күресуге тырысты. Мен сабыр сақтай білдім. Сол арқылы оның осал тұсын табуға тырыстым. Бұл маған жеңіс алып келді. Алдағы қарсыласым туралы көп мәлімет біле бермеймін. Жас балуан екенінен хабарым бар. Жинақы күресе біледі. Кімнің жеңіске жететінін белдесу көрсетеді», - деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Жәмила Бақбергенова 1996 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. Ересектер арасында 2021 жылы Норвегия астанасы Осло қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын.

Сондай-ақ, ол Азия чемпионатында 2020, 2022 жылдарда чемпион атанса, 2021 жылы күміс, 2019 жылы қола алды.