Жәмилә Бақбергенова күрестен халықаралық рейтингтік турнирде жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық балуан Жәмилә Бақбергенова Албанияда өткен рейтингтік турнирде алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматылық спортшы Жәмилә Бақбергенова Тиранада (Албания) өткен әйелдер күресінен халықаралық рейтингтік турнирдің жеңімпазы атанды.

Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, спортшы 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Финалда ол Қырғызстан өкілі Нұрзат Нұртаеваны 14:3 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, турнир чемпионы атанды.

Финалға дейінгі белдесулерде Жәмилә Бақбергенова мықты дайындық деңгейін көрсетті. Алғашқы айналымда польшалық Виктория Чолуйді 4:3 есебімен тізе бүктірсе, кейін 2023 жылғы әлем чемпионы және 2024 жылғы Еуропа чемпионы, түркиялық Бусе Тосунды 6:1 есебімен жеңді.

Жартылай финалда үндістандық Дикша Маликті 10:0 есебімен мерзімінен бұрын ұтты. Осылайша, Жәмилә Бақбергенова Қазақстан құрамасының қоржынына халықаралық рейтингтік турнирдің алтын медалін салды.

Бұдан бұрын елордалық балуан Марлан Мұқашев халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанғаны белгілі болды.