Жәмилә Бақбергенова Мажарстандағы турнирде күміс медаль алды
11:02, 19 Шілде 2025
АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде әйелдер күресінен әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Жәмилә Бақбергенова (72 келі) күміс жүлдегер атанды.
Күрес түрлерінен Polyák Imre & Varga János Memorial халықаралық турнирінде қазақстандық балуан финалда үндістандық Харшита Харшитаға жол берді.
Сондай-ақ ел құрамасы қоржынына тағы бір қола медаль түсті. Отандасымыз Нилуфар Райымова (57 келі) қолаға қол жеткізді.
Енді жарыс жолына Тыныс Дүбек (62 келі), Ирина Казюлина (68 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі) шығады.
Одан кейін бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері көтеріледі.
Айта кетсек, аталған жарысқа 14 елден 99 спортшы жиналды.
Халықаралық турнир 20 шілдеде мәресіне жетеді.