Жәмила Бақбергенова төрт дүркін Азия чемпионы атанды

Фото: Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасы Амман қаласында әйелдер күресінен Азия чемпионатында Жәмила Бақбергенова алтын медаль алды.

Ұлттық құрама көшбасшысы 72 келіге дейінгі салмақта қытайлық Юци Люмен белдесті.

Жәмила Бақбергенованың осыған дейін спорттық жолында 2021, 2022 және 2024 жылдары әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанғаны белгілі. Сондай-ақ 2020, 2022 және 2023 жылдары үш дүркін Азия чемпионы атанып, оған қоса құрлықтық додада 2021 жылы күміс, 2019 жылы қола медаль алған еді.

Қытайлық балуан да осал емес, 20 жасқа дейінгілер арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдесін жеңіп алған спортшы болатын.

Бірінші кезеңде Юци Лю 1:0 есебімен алда тұрды. Екінші кезеңде Жәмила есесін жібермей, есепті 4:1-ге жеткізді.

Осылайша, әйелдер күресінен Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына 1 алтын, 1 қола медаль түсті.

Өткен жылы Бішкекте өткен Азия біріншілігінде қазақстандықтар төрт қола алған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында Жәмила Бақбергенованың әлем чемпионын жеңіп, финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Азия чемпионатында Зейнеп Баянова әйелдер құрамасына алғашқы медальді алып берді.