АСТАНА. KAZINFORM – Тиранада (Албания) әйелдер күресінен олимпиадалық емес салмақтарда өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Жәмила Бақбергенова күміс жүлдеге ие болды.
Осыған дейін әлем біріншілігінде екі күміс, бір қола медаль алған Жәмила Бақбергенова 72 келіге дейінгі салмақта соңғы бәсекеде жапониялық Ами Ишимен белдесті.
Жапониялық балуан да Азияда үздік шығып қана қоймай, екі жыл бұрын әлем чемпионатында күміс алып үлгерген.
Бірінші кезеңде Ами Иши 2:0 есебімен алда тұрды. Екінші кезеңде Жәмила 4:2 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты ұстап тұра алмады. Қорытынды есеп – 6:8.
Осылайша, бұл әлем біріншілігінде үш бірдей жапониялық балуан чемпион атанды. Жәмила Бақбергеноваға тағы бір күміс медаль бұйырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәмила Бақбергенованың үшінші рет әлем чемпионатының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).