«Жан ауыртар жарнама ұлтты ұятқа қалдырып келедi» - БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 наурыз, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазақтың тұңғыш толық метражды анимациялық фильмі жарыққа шықты. Сүйінші, ағайын! Қазақ мультипликациясы тарихында толық метражды тұңғыш анимациялық фильм жарыққа шықты. Туынды «Ер Төстік пен Айдаһар» деп аталады. Халық ертегісі - «Ер Төстіктің» желісімен жасалған фильм наурыздың 21-нен бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында 3D жанрында көрсетіле бастайды. Қалай десек те, қазіргі қазақ анимация­сы алға сенімді адымдап келеді. Оның айшықты дәлелі - соңғы екі-үш жыл көлемінде «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Аңшы», «Балақайлар мен бөжекейлер», «Ақ қаз», «Ынсапсыздың ақыры», «Байқоңыр», «Айгүл», «Қозы, ешкі һәм торы», «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Айка», «Зәйтүнқарлығаш пен құйыршық» атты анимациялық фильмдер. Бұл мақала «Экранда - Ер Төстік!» деген тақырыппен берілген.

«Қазір жемқорлармен күресушілер көп. Демек, олардың аз болмағаны ғой. Алайда, көпшілік дәл сол жемқорлардың ортасында, бірге қызмет істеп жүрсе де, тіпті білсе де оларды жемқорлар деуге аузы бар­­майтындай. Сондықтан сол түйені тү­гі­­мен жұтатындардың өздері желініп жат­­қан қарапайым жандармен қосылып, «арам­­дарды, сұмырайларды құрту керек» деп көп-көрім әңгіме айтады»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Сыбайластар айылын жияр емес» атты мақалада. Бірақ кейде ләм деп ауыз да ашпайды, өйткені, арала­рын­­да өздерін өздері атағандай сезініп, со­сын кәдімгідей қуыстанатындары бар. Бұл олардың жемқорлықты ауыздықтауға, оған қарсы шараларды ұйымдастыруға ниеті жоқ іс-әрекеттері мен адал адамдар­ды елемеушілік пиғылдарынан анық байқалады.

***

«Айқын» газетінде «Жан ауыртар жарнама ұлтты ұятқа қалдырып келедi» деген мақала жарияланды. Еліміздегі әрбір азаматқа, әрбір мекемеге қазақ тілін білу міндеттелгелі де біраз уақыт болды. Әйткенмен қарапайым қолданыстағы жарнама һәм ескертпе қағаздарды қып-қызыл қатемен шығарып, «әйтеуір талапты орындадым» деп, қолды бір сілтейтін дәрежеге жеттік. Сонда бұл талапты жүрдім-бардым орындап, мемлекеттік саясатты менсінбеу ме? Әлде саясаттың солқылдақтығы ма? «Қазір көзіміз түскен жарнама да, қарапайым ескерту қағаз­­дары мен түбіртектің қазақша нұсқасы да қатеге толы. Граммати­калық қателерді елемегеннің өзінде, кез келген сөйлем­нің қазақ ті­ліндегі баламасы ақылға сыймайды. Тіпті оқып отырып езуіңізге күлкі үйі­ріледі. Әрине, мазақ ету емес, жаның ашып, қаның тасығаннан ерік­сіз күлесің»,-деп жазады басылым.

Осы газетте жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаймен арадағы сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Көкейімде аңсар болып жүрген «Же­ті жұрт» деген бір тарихи шолу кіта­бым бар еді. Соның сірге жияры болар ма деп ойлаймын. Өйткені біз қазақ ұлты­ның қалыптасу тарихын осы қазақ жерінің көлемімен ғана бажайлаймыз. Олай емес. Менің анық көзім жеткені, біз өзіміздің тарихымызды, санамызды тіп­ті киіз үйіміздің шығу тарихын түптеп табу үшін VIII-IX ғасырлардағы моң­ғол, мәнжу, түрік ұлыстары жеке-дара ажырамай тұрған кездегі тарихты зерттеу керек екен. Сол жерде осы мүдделердің барлығы тоғысады. Есте жоқ ескі заман­нан келе жатқан аңыздар, мақал-мә­телдер, әдет-ғұрып барлығы сонда»,-дейді жазушы. Бұл сұхбат «Менің ұлы аңсарым әлі орындалған жоқ» деген тақырыппен басылды.

***

«Алаш айнасы» басылымындағы «Несие той - несімен той?!» деген мақалада қазақ тойының есеп-қисабы айтылады. «Әттең, әлемде бес құрлықтың басын қосқан олимпиада секілді той жарысы жоқ. Егер дүниежүзінде той жарысы өтетін болса, қазақ бас жүлдені шаппай-ақ алар еді. Үйсіз-күйсіз жүрсе де, той жасау тек біздің елдің ғана қолынан келеді. Миллиондап несие алып, оны кемі - 150, көбі 1000 адамға шашып жіберіп, сосын жылдап, банкке берешек болатын да біздің қожанасыр - қазақ...» деген мақала авторы Қазақстанда жылына 100 мыңнан астам адам некеге отырғанымен оның үштен бірі ажырасып тынатына қынжылыс білдіреді. Несие алып қарызданып-қауғаланған ата-ананың бар жиған-тергені далаға су болып ағып кеткені, бұның моральдық жағы өз алдына экономикалық салмағы бес батпан.

Осы басылымның «Дат!» айдары бойынша «Наурыз тойын халықтық мерекеге айналдырып, 9 күн тойлауымыз керек» деген тақырыпта сұхбат берген этнограф Ғалия Қайдауылқызының айтуынша, ендігі жерде Ұлыстың ұлы мерекесін тойлаудың нақты бір тұжырымдамасы жасалатын, түйінделетін, тойдың өз дәрежесінде кемелденетін кезі жетті. Осы орайда Наурыз тойын тоғыз күн тойлаудың тұжырымдамасын жасау керек. Қазақ ежелден айт мерекесін қоспағанда табиғатпен үндескен, төрт мерекені қалдырмай, ерекше тойлаған. Оның алғашқысы қыстоқсан - соғым соятын қысқы мерзімде бір-біріне қонаққа барып, соғым етін жеп, ерекше тойлаған. Екінші бір мерекесі - жылтоқсан көктемгі жыл басы, наурыз мерекесі болса, үшінші мерекесі жазтоқсан - қымызмұрындық кезеңі. Соңғысы күзтоқсан сабантой мерзімі. Осы төрт тоқсанның ішінде барша халықтың басын қосатын, сыйластықтың дәнекері, адамдарды бір-бірін іздеуге, бірлікке, татулыққа шақыратын, төрт тойдың төресі жыл тойы - жылтоқсан мерекесінің мәні зор.