«Дин Лижень мен Ян Непомнящий арасындағы күрестің қызуы шахмат жанкүйлерлерінің ешқайсысын бей-жай қалдырмайды. Біз жан беріп, жан алысқан соққы алмасуды бақылайтын боламыз. Екі спортшы да ең жоғары лауазым, өз өмірлеріндегі ең үлкен армандары үшін күреседі. Әрбір партия миллиондаған жанкүйердің таңқаларлық қызығушылығын тудырады», - деді ФИДЕ президенті елордадағы Шахматшылар саябағына ағаш отырғызу рәсімі барысында.
Аркадий Дворкович бәсекелестер арасында тең ойынның болатындығы анық болғанын атап өтті.
«Күрес теңдей жағдайда болатындығын күттім. Өйткені, әр бәсекелестің мықты тұсы бар. Олар - әлем рейтингінде 2 және 3-орында тұрған спортшылар. Нәтижелі партиялар саны да күткендей болды. Бұл - спорт. Әрбір қателіктен кейін жан алып, жан беріскен күрес болады. Және де бұл шахмат жанкүйерлеріне ұнайды», - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, елордада өтіп жатқан шахматтан әлем чемпионатында Дин Лижень мен Ян Непомнящиц 14-партияда тең түскен еді. Бүгін әлем чемпионы екі спортшы арасында өтетін тай-брейк барысында анықталады.