Жан дүниемді дүр сілкіндірген 10 күн - Айдын Айымбетов (ФОТО)

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары қазақстандық ғарыш жылнамасының ғана емес, сонымен бірге біздің еліміздің де жаңа тарихының жарқын беттеріне айналғаны сөзсіз.

Бүгінгі күннің батырына қалай айналуға болады? 43 жастағы Айдын Айымбетов қарапайым қазақ отбасынан шыққан, әскери ұшқыш, Қазақстан Республикасының ғарышкер-сынақшы. Оның жұлдызды сәті 2015 жылдың 2 қыркүйегі күні Астана уақыты бойынша 10 сағат 37 минутта Байқоңырдан халықаралық экпипаж мінген «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесі ғарышқа самғай жөнелгенде туған болатын. 10 күн өткеннен кейін А.Айымбетов ХҒС-тағы әріптестерімен Жерге дін аман оралды.

«Бұл менің жан дүниемді астан-кестен еткен 10 күн болды», - дейді Айдын.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бірнеше жыл бойы қазақстандық ғарышкердің ғарышқа дайындығының хронологиясын жүргізіп келеді.

ҒАРЫШКЕРЛЕР ОТРЯДЫ

Алғаш рет Айдын Айымбетовтің есімін қазақстандықтар ғарышкерлер отрядына іріктеу туралы жария етілген 2001 жылы естіген болатын қазақстандық ғарышкерлер тізімін одан әрі жалғастыру бастамасын сол кезде өзінің үшінші ғарыштық сапарына дайындалып жүрген ұшқыш-ғарышкер, Ресей батыры және Қазақстанның халық қаһарманы Талғат Мұсабаев көтерген болатын.

2000-2002 жылдары аралығында жүргізілген бастапқы іріктеуге 700-ден астам қазақстандық қатысты. Оның ішінде 65 адам медициналық тексеруден өтуге жарамды болып танылды және тек үштен бірі ғана Ресейдің «РҒА Медициналық-биологиялық проблемалар институты» мемлекеттік ғылыми орталығының дәрігерлік-эксперттік комиссиясына жолдама алды.

Клиникалық-физиологиялық тексерудің нәтижесінде екі ғана кандидат, атап айтқанда Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов Ю.Гагарин атындағы Ғарышкерлерді дайындау орталығында арнайы жаттығудан өтуге жарамды деп танылды.

Сонымен 2002 жылдың жазында бірлескен ғарыштық ұшырулар жүргізу туралы ресейлік-қазақстандық уағдаластықты жүзеге асыру аясында А.Айымбетов Мәскеуде медициналық комиссиядан өтті.

2002 жылдың 9 қарашасында ресейлік өкілдердің қатысуымен өткен Қазақстан Республикасының ғарышкерлеріне кандидаттарды іріктеу жөніндегі ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия отырысы барысында А.Айымбетовті Қазақстан ғарышкерлері отрядына қосу ұсынылды.

2002 жылдың 17 желтоқсанында А.Айымбетов ең басты медициналық комиссиядан өтіп, арнайы жаттығуларға рұқсат алды. 2003 жылдың 29 мамырында Роскосмостың Мемлекеттік ведомствоаралық комиссиясы ресейлік үміткер ғарышкерлер тобы сапында А.Айымбетовке дайындықты бастауға рұқсат беретін шешім қабылдады.

2003 жылдың 16 маусымында А.Айымбетов Ғарышкерлерді дайындау орталығында жалпығарыштық дайындыққа кірісті. 2005 жылдың 28 маусымында дайындығын аяқтаған ол ҒДО-ның мемлекеттік емтиханын үздік тапсырды. 2005 жылдың 5 шілдесінде Ведомствоаралық біліктілік комиссиясының шешімімен оған «ғарышкер-сынақшы» біліктілігі берілді.

2005-2009 жылдары аралығында ол Халықаралық ғарыш стансасына ұшулар бағдарламасы бойынша топтық дайындықтан өтті.

«Бұл менің бақытты жылдарым еді. Жұлдызды қалашықта тұрып жатқан кезімізде біздер ғарышкерлер өмірі аясына толықтай сіңісіп кеттік. Біздермен қатар аты аңызға айналған, бірақ қарапайым ғана адамдар жұмыс істеді. Міне, дәл осы сәтте мен ғарышкерлердің пешенесіне Ғарышпен қауышу жазылған, ғарыштың шынайы қуатын сезіне алатын және Жер заңын түсінетін адамдардың ерекше тобы екенін түсіндім», -деді Айдын Айымбетов.

2008 жылдың күзінде Роскосмос пен Қазақстан арасындағы қазақстандық ғарышкерді "Союз" кораблімен ұшыру туралы келіссөздерден кейін ол негізгі экипаждың мүшесі болып анықталды.

2009 жылдың 5 наурызында Қазғарыш пен Роскосмос арасында Халықаралық ғарыш стансасының ресейлік сегментіне қазақстандық ғарышкерді қысқа мерзімге (10 күнге) ұшыру туралы келісімшартқа қол қойылды. Ұшу датасы 2009 жылдың 30 қыркүйегі деп белгіленді. Келісімшарт сомасы 30 млн. АҚШ долларын құрады.

Бірақ, екі аптадан кейін, яғни 2009 жылдың 20 наурызында өткен республикалық бюджеттік комиссия отырысында қазақстандық ғарышкерді ХҒА-ға ұшыруды қаржыландырудан бас тартылды. Қазақстандық ғарышкердің ғарышқа атт ану мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім қаржы дағдарысына байланысты қабылданған еді.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

«Ең қиын кезең тосыннан ұшу кейінге шегерілгеннен кейінгі күту жылдары болды», - деп еске алады Айдын.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Айымбетов пен Аймахановқа бірден Қазғарыш саласында жұмыс істеуге ұсыныс жасады. А.Айымбетов бұл ұсынысты бірден құп алып, алғашқы жылдары Қазғарыштың орталық аппаратында жұмыс істеді. Ал соңғы 5 жыл Айдын «Ұлттық ғылыми зерттеулер және технология орталығы» АҚ ғарыштық зерттеулер институтында, ғарыштық ғылым саласында еңбек етті.

Ғарышқа ұшуға үміткер болған екінші қазақстандық ғарышкер Мұхтар Аймаханов Қазғарыш басшысының ұсынысынан бас тартты. Ресми ақпаратқа сәйкес, ол Ресей Федерациясының азаматтығын алып, ресейлік ғарышкерлер отрядына қосылды.

2012 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1304 қаулысымен А.Айымбетовке ҚР ғарышкері мәртебесі берілді.

2014 жылдың сәуірінде А.Айымбетов «Ұлттық ғылыми зерттеулер және технология орталығы» АҚ Ғарыштық техника және технология институты директорының орынбасары болып тағайындалды.

Айдын ғылыми зерттеулермен айналысып, Астанадағы Оқушылар сарайы жанынынан өзі құрған жас ғарышкерлер үйірмесіне қатысушы шәкірттерінің әр жетістіктеріне қуана жүріп күн сайын ғарышқа ұшуға іштей дайындалып жүрді. Осылайша, сырғып 6 жыл өтті.

А.Айымбетов: «Иә, бұл төзімділіктің нағыз сынақ уақыты болды. Бәрі де әдеттегідей көрінетін: жұмыс, үй, отбасы. Бірақ, әрбір күнде ұшу туралы жағымды жаңалықтарды толқи күтумен өтетін. Жасырмаймын, бәрі де біткендей, ұшпайтындай болған сәттер де орын алды. Бұл үміт пен күдікке толы сәттер еді. Бақытыма орай ол мен үшін жемісті аяқталды...».

2015 жылдың 9 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев РФ Президенті Владимир Путинмен кездесуі барысында қазақстандық ғарышкерді ХҒС-тің ресейлік сегментіне ұшыру мәселесін жеделдетілген тәртіппен қарау уағдаластығына қол жеткізді.

Роскосмос қазақстандық ғарышкердің ғарышқа сапарға аттануына қатысты бірқатар нұсқа ұсынды. Олардың ішінде қаржылық тұрғыда ең тиімдісі 2015 жылдың қыркүйек айында қазақстандық ғарышкерді қысқамерзімді сапарға аттандыру болған еді.

А.Айымбетов: «Ол күн менің есімде жақсы сақталып қалды. 2015 жылдың 22 мамыры болатын. Бір күн бұрын ғана ұлымыз Әмірдің 17-ге толғанын атап өткен едік. Менің ғарышқа ұшатыным туралы айтып, қоңырау шалған Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаевтың жаңалығы естен тандырды. Қалшиып тұрып қалдым, мені шынайы өмірге «Не болып қалды?», деп қобалжи сұраған әйелімнің дауысы ғана селт еткізді. Мен мұны қуаныш деп айта алмаймын, бұл есеңгірететін жаңалық еді. Сол сәтте мен орындалды, деп ойладым. Сенің ғарышқа ұшуыңа тілектеспін деген мыңдаған адамның тілегі орындалды...».

ПРЕЗИДЕНТ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ

Сонымен елорда күні қарсаңында, 2015 жылдың 3 шілдесінде ҚР Президенті ХҒА-ға ұшу үшін А.Айымбетовтің кандидатурасын бекітті.

Жылнамадан: Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатысуымен жедел кеңес өткізді. Кеңес барысында елдің ғарыш саласын дамыту мәселелері, соның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салу жөніндегі жобаның іске асырылу барысы қаралды.

Қазақстан азаматының Халықаралық ғарыш стансасына ұшырылуы туралы Мемлекет басшысы мен Ресей Президенті В.Путиннің арасындағы уағдаластыққа сәйкес Айдын Айымбетовтің кандидатурасы келісілді.

Бірнеше күннен кейін Қазақстан Президенті ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетовті қабылдады.

Жылнамадан: Елбасы ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетовті қабылдады. Кездесуге Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев пен Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Т.Мұсабаев та қатысты.

Қазақстан Президентіне А.Айымбетовтің штаттық режім бойынша Халықаралық ғарыш стансасына ұшуға дайындығының барысы жөнінде хабарланды. А.Айымбетов өзінің барлық қажетті тестер мен емтихандарды сәтті тапсырғанын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ғарыш қызметі саласына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

А.Айымбетов: «Мен өмірімде алғаш рет ел Президентімен кездестім. Қатты толқу үстінде болдым. Мен өз баяндамамның сөздерін ұмытып қалам ба деп қорықтым. Нұрсұлтан Әбішұлы қолымды қысып, әкелік мейіріммен сәтті ұшуымды тілеген кезде мен ең негізгі батаны алғанымды және ғарыштық миссиямды үздік орындайтындығымды түсіндім...».

ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШКЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ АРТТЫ

Мұнан әрі Айдын Айымбетовтің алдағы ғарышқа сапары Қазғарышта жан-жақты пысықталды.

Жылнамадан: ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев Айдын Айымбетовті қазақстандық ғарышкерді ұшыру туралы біздің еліміздің оң шешімімен құттықтады.

«Сен ел басшылығынан, біздің ғарыш ведомствомыздан және барша қазақ халқынан осынау ұзақ күткен ұшуға зор қолдау алдың», - деді Т.Мұсабаев А.Айымбетовке қарата.

Жылнамадан: Айдын Айымбетов ғарышқа ХҒС-ына екінші бортинженер ретінде ұшты.

Осы жылы 1 қыркүйекте ХҒС-қа ұшуға әзірленіп жатқан қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ұшу лауазымын өзгертті.

«Ол бұдан бұрын болжанғандай, «ғарыш ұшырылымының қатысушысы» ретінде емес, оның станса бортындағы миссиясы небәрі 10 күнге созылатынына қарамастан, «2-ші бортинженер» ретінде ұшатын болды», деп «Московский комсомолец» газетінің мәліметінен үзінді келтіреді Қазғарыш баспасөз қызметі. «Мәскеуде Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев пен Ресейғарыш басшысы Игорь Комаровтың кездесуі кезінде қазақстандық ғарышкердің мәртебесін өзгерту мәселесі шынымен де талқыланған», - деп растады ҚР ИДМ Аэроғарыш комитетінде. Келіссөздер нәтижесінде оң шешім қабылданды, себебі Айдын Айымбетов - кәсіби ұшқыш. 2003-2005 жылдары ол Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындайтын Ресей мемлекеттік ғылыми-зерттеу сынақ орталығында жалпы ғарыштық дайындықтан өткен. Содан кейін оған «сынақшы-ғарышкер» атағы берілген. 2008 жылғы тамызда ол «Союз ТМА» көліктік басқарылатын кеме мен ресейлік ХҒС сегменті бойынша мамандану және жетілдіру тобының құрамында арнайы дайындықтан өткен. 2015 жылғы мамырдың соңында А.Айымбетов Гагарин атындағы ҒДО дайындығын қайта бастады. Осы жылғы 20-27 маусым аралығында ол америкалық ХҒС сегментін зерделеу мақсатында Хьюстонда (АҚШ) Джонсон атындағы НАСА Ғарыш орталығына барып қайтты. Қазір Қазғарыш Ресейғарышқа қазақстандық ғарышкердің ХҒС-ға ұшуы уақытындағы ҚР ғылыми зерттеулері мен тәжірибелері бағдарламасына ұсыныс жберді. Негізгі міндеттемелерден басқа, енді ғарыш кемесінің, ХҒС-ның бортинженері ретінде Айдын Айымбетов қазақстандық ғарыш бағдарламасы бойынша бірқатар эксперименттер орындайтын болады.

Құрамында экипаж командирі Сергей Волков (Ресейғарыш), Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавты, 1-бортинженер Андреас Могенсен, 2-бортинженер Айдын Айымбетов (Қазақстан Республикасы) бар экипажбен «Союз ТМА-18М» көліктік басқарылатын кемені Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыру 2015 жылғы 1 қыркүйекке жоспарланған.

БІЗДІҢ БӘРІМІЗ ДЕ 40-ТАН АСҚАНБЫЗ

2015 жылдың 27 шілдесі. Жылнамадан: Бүгін Жұлдыздар қалашығындағы ғарышкерлерді дайындау орталығында дайындықтан өтіп жатқан қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов өзінің 43-ші туған күнін тойлап отыр. Айдын 1972 жылы 27 шілдеде Талдықорған облысы Талдықорған ауданының Заря Коммунизма (қазіргі Өтенай) ауылында туған. 1989 жылы Талдықорған қаласындағы №20 мектепті алтын медальмен бітірген. 1993 жылы Армавирдегі жоғарғы әскери авиациялық училищені "жоюшы-ұшқыш" мамандығы бойынша аяқтады.

1993 жылдың мамырынан Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарында қызмет атқарады. Жоюшы-ұшқыш. Ғарышкерлер жасағына таңдау алдында Талдықорған қаласы маңындағы авиабазада авиациялық бөлімшенің командирі болып қызмет атқарды. 2009 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттiгi төрағасының кеңесшісі, агенттік департаментінің директоры. 2011 жылдың наурызынан Сұлтанғазиев атындағы ғарыштық зерттеулер институтында ғарыштық технологияларды ақпараттық-білімдік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы. 2012 жылдың көктемінен Астана қаласындағы Оқушылар сарайындағы жас ғарышкерлер мектебінде ұстаздық етеді.

1993 жылы ғарышкерлікке алғаш рет өтініш берді. Екінші мәрте 2001 жылдың 5 мамырында қайта берді. 2002 жылы Ресей-Қазақстан мемлекетаралық бірлескен ғарышқа ұшу келісімі аясында Мәскеу қаласында медициналық комиссиядан өтті. 09.11.2002 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия мәжілісінде Қазақстан Республикасы ғарышкерлері отрядына кіргізу туралы ұсыныс жасалды. 12.10.2012 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1304 қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді.

А.Айымбетов: «Біздің қазақстандық ғарышкерлер алғаш ғарышқа сапарға аттанғанда қырық жастан асқан болатын. Тоқтар Әубәкіров 45 жаста, Талғат Мұсабаев 44 жаста болатын, мен 43-темін. Барлығымыздың ғарышқа өз жолдарымыз болды. Талғат Амангелдіұлының өзінің ғарышкер болу арманына 33 жасында ұмтылғанын кітаптан оқыдым. Тоқтар Оңғарбайұлы да бала кезінен ұшаққа аңсары ауған. Менің де ғарышқа жолым ұзақ болды - шамамен 15 жыл...».

Айдынның анасы Жұмағұл апа 67 жаста, зейнет демалысында. Айдынның екі ағасы мен әпкесі бар. Жұбайының есімі - Лилия. Үш баласы бар: 17 жастағы ұлы Әмір, 2 қызы - 14 жастағы Диана мен 8 жастағы Даяна.

«Анама қоңырау шалып, мені дүниеге әкелгені үшін алғысымды білдірдім. Бұл күні мен әкемді еске алдым. Өйткені, мен оған ғарышкер болу арманым үшін қарыздармын. Әлі есімде, жазғы шабындық кезінде жаңа орылған шөптің үстінде жатып, түнгі аспан көгінен ағып түскен жұлдыздарды көретінбіз. Метеорит соңынан ұзын жолақ қалдырып, мен таң-тамаша болдым. Сол кезде әкем мұның әуе құбылысы екенін айтқан. Міне, сол сәтте менде ғарышты білуге деген құштарлық оянды. Ал қазір мен ғарыштық қалашықтамын, ұшуға дайындалу үстіндемін, әке!», - деді А.Айымбетов.

ҰШАТЫН КҮН БЕЛГІЛІ

2015 жылдың 29 шілдесі. Жылнамадан: Қазақстандық ғарышкер үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан таңғы сағат 10:30-да ғарышқа ұшады. Бұл туралы бүгін Алматыда журналистермен болған кездесуде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетов мәлім етті.

Ол сонымен қатар осы ұшу сапары барысында қазақстандық ғалымдардың қатысуымен зерттеулер жүргізу мақсатында, бірқатар ғарыштық тәжірибелер жүргізілетіндігін жеткізді.

«Қазір отандық ғылыми бағдарлама «Ресейғарыш» федералдық ғарыш агенттігі тарапынан мақұлданып жатыр. Зерттеулердің негізгі бағыттарына келер болсақ, бірінші кезекте ғарыштық мониторинг жасау, яғни Арал теңізінің, Каспий теңізінің, шаңды дауылдардың және мұнайдан ластанған аумақтардың ахуалын бақылау шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар биотехнология және биомедицина салалары бойынша зерттеулер жүзеге асырылады. Дәлірек, ғарыштық ұшу сапарының ғарышкерге әсері және басқа да физика-техникалық зерттеулер жүргізіледі. Біздің ғалымдар қазір бұл салаларда әр түрлі әдістемелер әзірлеген. Ал олардың сапасы осы халықаралық ғарыш стансасында анықталады», - деді Еркін Шаймағамбетов.

БАЙҚОҢЫР

2015 жылдың 18 тамызы. Жылнамадан: Бүгін Астана уақыты бойынша сағат 15.45-те Байқоңыр ғарыш айлағының «Юбилейный» аэродромына ХҒС 45/46 экспедициясының негізгі экипажымен Ю. А. Гагарин атындағы ресейлік Ғарышкерлерді дайындау орталығының ұшағы қонды. Негізгі экипаж құрамында «Союз ТМА-18М» кемесінің командирі, Роскосмос ғарышкері Сергей Волков, 1-бортинженер, ЕҒА астронавты Андреас Могенсен, 2-бортинженер, Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов болды.

Он бес минут аралықпен бортында қосалқы құрамдағы экипаж бар ҒДО екінші ұшағы келді, онда: Роскосмос командир-ғарышкері Олег Скрипочка, 1-бортинженер - ЕҒА астронавты Тома Песке, 2-бортинженер-Роскосмос ғарышкері Сергей Прокопьев болды.

«Юбилейный» аэродромында ХҒС-ға кезекті ғарыш экспедициясының мүшелерін «Байқоңыр» ғарыш кешенінің басшылары, Роскосмос, Қазғарыш өкілдері қарсы алды. Ұшу алдындағы дайындықтың соңғы кезеңіне келгендіктері туралы басшылыққа экипаж командирлері баяндағаннан кейін ғарышкерлер мен астроновтарға ақ бота кәдесыйлары табыс етілді.

Қазғарыш өкілі, «Инфракос» РМК директоры Мағауия Ажмолдаевтың біздің агенттікке айтқанындай, «Шөл кемесін» бейнелейтін кәдесый-түйе ғарышкерлердің сапарлары оң болып, Жерге аман-есен оралуы үшін арнайы әзірленген.

ҰШУ КЕЛІСІМШАРТЫ РӘСІМДЕЛДІ

2015 жылдың 27 тамызы. Жылнамадан. Мәскеу түбіндегі Жуковскіде өтіп жатқан «МАКС-2015» халықаралық авиациялық-ғарыш авиафорумында «Қазғарыш» аэроғарыш комитетінің төрағасы Т.Мұсабаев пен Федералды ғарыш агенттігі басшысының міндетін уақытша атқарушы Александр Иванов келіссөздер жүргізді.

Келіссөздер барысында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің бортинженер ретінде Халықаралық ғарыш стансасына ұшуы жөніндегі шартқа қол қойылды. Кездесуде Ресей мен Қазақстанның ғарыш саласындағы ынтымақтастығы және Байқоңыр ғарыш айлағындағы өзара әрекеттестігі сөз болды. «Ангара» зымыран-тасығыштарын ұшырту үшін «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін пайдалану жайы талқыланды. Осы кешен арқылы «Протон» зымыран-тасығышын ұшыру жұмыстарын 2025 жылы аяқтау көзделген. «Біздің азаматымыз - полковник Айдын Айымбетов халықаралық экипаж құрамында ғарышқа ұшуы үшін тиісті келісімшартқа қол қойдық», - деді қазақстандық агенттік басшысы. «Біз «Байқоңыр» кешенін алдағы уақытта бірлесіп пайдалану мәселесін, «Байқоңыр» кешенінде зымыран-ғарыш кешенін құру жобасын талқылап жатырмыз», - деп қосты Т.Мұсабаев.

ҰШУҒА 1 КҮН ҚАЛДЫ

2015 жылдың 1 қыркүйегі. Жылнамадан: Байқоңыр ғарыш айлағына кештете жеткен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев бастаған Қазғарыш делегациясы ҚР ғарышкері Айдын Айымбетовпен кездесті. Делегация құрамында Қазғарыш төрағасы орынбасарлары Ерғазы Нұрғалиев пен Еркін Шаймағамбетов, Қазақстанның ғарыш саласының мамандары болды. Талғат Мұсабаев ресейлік Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығының басшылығына қазақ ғарышкерімен жүздесуге мүмкіндік бергендері үшін алғысын жеткізді. Кездесу «Космонавт» қонақүйінің конференция залында өтті. Қазғарыш басшысы ұшу алдындағы әзірлік барысы, ғарышкердің қалауы туралы сұрап, бұл ұшудың қазақстандық ғарыш саласының дамуына өз үлесін қосатынын атап өтті. Айдын Айымбетов өзінің ҚР Президентімен телефон арқылы сөйлескені туралы айтып берді. «Мемлекет басшысы бүкіл қазақ халқының атынан маған табысты ұшу тіледі, мен бұл міндетті абыроймен атқарып шығуға әзірмін»,- деді ғарышкер. Ұшу алдында өзін қалай сезінетіні туралы сауалға Айдын «мұны түсіндіру мүмкін емес, оны тек Талғат Амангелдіұлы ұғына алады» деп жауап берді. «Қазір мен ғарышта үш рет болған және ашық космоста болуы бойынша Гиннесстің рекордтар кітабына енген Талғат Мұсабаевтың ерлігін шынайы бағалаймын», - деді Айымбетов. Қазақстандық ғарышкердің ұшу бағдарламасының жетекшісі болып табылатын «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ президенті Жұмабек Жантаев орталық мамандарының Айдынның орбитада эксперимент жүргізуі кезінде жәрдемдесетінін атап өтті. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президентінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин Айымбетовке компания мамандарының Байқоңырдан «Союз ТМА-18М» ғарыш кораблінің ұшырылуына қазақстандық Жерді қашықтықтан зондтау жерсеріктерінің көмегімен монторинг жүргізетінін жеткізді. Қазақстандық делегация Айдын Айымбетовке сәтті ұшу мен Жерге аман-есен оралуын тіледі. Кездесу соңында Талғат Мұсабаев Айдынға сарқыт ретінде қазақтың ұлттық тағамы - құртты ұсынды. Т.Мұсабаев өзінің ақыл-кеңестерін А.Айымбетовке жеке кездесуі барысында айтты. Ұшу алдындағы әзірлік кестесіне сәйкес жергілікті уақыт бойынша сағат 21.00-де ХҒС ұшатын кезекті экипаждың негізгі және қосымша құрамы «Белое солнце пустыни» фильмін тамашалады. Оны көруге ғарышкерлер мен астронавтардың туған-туыстары да шақырылды. «Космонавт» қонақүй кешенінің аллеясында Қазғарыш делегациясы экипаж командирі Сергей Волковтың әкесі - белгілі кеңестік және ресейлік ғарышкер Александр Волков пен Айдын Айымбетовтің жұбайы Лилияны, оның ұлы Әмір мен қызы Диананы қарсы алды. 1 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де ұшуға дейін бір тәулік қалғанда мемлекеттік комиссия ұшыру туралы түйінді шешім қабылдайды. Негізгі экипаж құрамында командир Сергей Волков, бортинженер, қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов және бірінші дат астронавты Андреас Могенсен бар.

ХҒС аттанатын экспедициясымен «Союз ТМА-18М» басқарылатын кораблін ұшыру 2 қыркүйекте Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин алаңынан Астана уақыты бойынша сағат 10.37-де жоспарланған.

2015 жылдың 1 қыркүйегі, 10:00. Жылнамадан: Ұшуды қамтамасыз ететін ресейлік кәсіпорындардың басшылары Айдын Айымбетовтің жақсы физикалық және техникалық даярлығын атап өтті.

«Мен Ресейғарышқа біздің қазақстандық ғарышкерді ұшуға сапалы және қысқа мерзімде даярлағаны үшін алғыс айтамын», - деді мемлекеттік комиссия отырысында Талғат Мұсабаев.

Өз сөзінде ҚР ғарышкері Айдын Айымбетов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазғарыш басшылығына осынау күрделі экономикалық дағдарыс кезінде ғарышқа ұшуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. «Мен өз міндетімді абыроймен орындаймын», - деді Айдын.

Ғарышқа аттанғалы тұрған ғарышкерлерге «Ресейғарыш» корпорациясының басшысы Игорь Комаров, Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев, Еуропалық ғарыш агенттігінің жетекшісі Йохан-Дитрих Вернер өз құттықтаулары мен тілектерін білдіріп, сәт сапар айтты.

2015 жылдың 1 қыркүйегі. 20:34. Жылнамадан: Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысына екі күндік жұмыс сапары аясында Байқоңыр қаласында және осы өңірдің бірқатар елді мекендерінде болды.

Байқоңырда Елбасының тапсырмасы бойынша ол «Союз ТМА - 18 М» ғарыш кемесінің экипаж мүшелерімен кездесті, оның құрамында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов те бар. Сұхбат барысында Б.Сапарбаев ғарышкерлерге сәтті сапар тілеп, алға қойған міндеттерді орындауға тілектестік білдірді.

ҰШУ

2015 жылдың 2 қыркүйегі, 10:37. Жылнамадан: 2015 жылғы 2 қыркүйекте Астана уақыты бойынша сағат 10.37 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-ТМА-18М» ғарыштық кемесі ұшты. Бұл туралы оқиға орнынан ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) кезекті экспедиция ұшырылды. Экипаж құрамында кеме командирі ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер - Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен мен Қазақстан Республикасының ғарышкер-сынақшысы Айдын Айымбетов бар.

Ұшырылым штаттық режімде өтті, деп хабарлады Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылымды қамтамасыз ету қызметі, ұшырылғаннан кейін 10-шы минутта ғарыш кемесі зымыран тасығыштан бөлініп, «Союз ТМА-18М» жер төңірегіндегі орбитаға шығады.

Ғарышкерлер өздерін жақсы сезінуде, деп хабарлады Ұшырылымды басқару орталығынан. ХҒС-мен «Союз ТМА-18М» кемесі ұшырылғаннан кейін екі тәуліктен кейін түйіседі деп жоспарланған.

Байқоңыр ғарыш айлағында қалыпты күзгі ауа райы, ауа температурасы +23 градус. Әдеттегіге қарағанда, аспанды сәл бұлт басқан.

Экипаж ұшырылымын жүздеген адам тамашалады, олардың ішінде Қазақстанның вице-премьері Бердібек Сапарбаев, «Роскосмос», «Қазғарыш», Еуропалық ғарыш агенттігінің басшылары, ғарышкерлердің жақын-туыстары бар.

Баласын ғарыш сапарына шығарып салу үшін Айдын Айымбетовтің анасы Жұмагүл апа, Сергей Волковтың әкесі - ғарышкер Александр Волков, экипаждың барлық үш мүшесінің зайыптары мен балалары келді.

Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов пен Дания астронавты Андреас Могенсеннің, сондай-ақ қазіргі кезде орбитада жұмыс істеп отырған ресейлік ғарышкер Геннадий Падалканың жерге оралуы 2015 жылдың 12 қыркүйегіне жоспарланған. Экипажды Астана қаласының әуежайында салтанатты түрде қарсы алуға Қазақстан Республикасының Президенті қатысатыны күтіліп отыр.

Айдын Айымбетов ХҒС бортына Қазақстан Республикасының Туын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің туларын алған.

2015 жылдың 4 қыркүйегі, 13:39. Жылнама: Бүгін Астана уақыты бойынша сағат 13.39-да «Союз-ТМА-18М» басқарылатын ғарыш кемесі Халықаралық ғарыш стансасымен ойдағыдай түйісті. Кеме мен Халықаралық ғарыш стансасының өтпелі люктері ашылғаннан кейін құрамында 9 адам бар экспаж жұмысын жалғастырады. Олар - командир Геннадий Падалка, бортинженерлер Ресейғарыш ғарышкерлері Михаил Корниенко, Олег Кононенко, Сергей Волков, Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов, НАСА астронавтары Скотт Келли мен Челл Линдгрен, сондай-ақ ДжАКСА астронавты Кимии Юи мен ЕҒА астронавты Андреас Могенсен. 2015 жылдың 5 қыркүйегі. Жылнамадан: 45 экспедицияның құрамында Халықаралық ғарыш стансасына келген қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ХҒС бортынан Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаевқа қоңырау шалды.

«Мен осы уақытта жұмыс кабинетіндемін. Бірнеше сағат бұрын тікелей эфирден ХҒС штаттық түйісуін көрдім, экипаждың стансаға ауысуы туралы ақпаратты күттім. Тап сол сәтте қоңырау шылдырады. Тыңдасам, Айдынның даусы. Қатты қуандым, әрине, бұл ойда жоқ күтпеген оқиға болды. Есімде, ХҒС-тан Юрий Лончаковтың алғашқы қоңырау шалғаны. Сонда мен шынында да қатты таң қалғанмын!», -дейді Т. Мұсабаев.

Айдын Айымбетов, Қазғарыштың бірінші ғарышкері статусын алған ғарышкер Қазақстанның ғарыштық ведомоствосының басшысына «ғарыш үйіне» аман-есен жеткендігін баяндады. «Өзімді сергек сезінемін, ғарыштық бағдарламаны орындауға кірісемін», - деді Айдын.

Талғат Мұсабаев ғарышкерлермен Ұлттық ғарышты зерттеулер мен технологиялар орталығының (ҰҒЗТО) президенті Жұмабек Жантаев бастаған мамандар тұрақты түрде байланыста болатындығын атап өтті. Сондай-ақ, Талғат Мұсабаев телефон арқылы ХҒС командирі, ресейлік ғарышкер Геннадий Падалкамен сөйлесті. «Менің 1998 жылы екінші рет ғарышқа сапарымда Геннадий алғаш рет ұшқан болатын. Оған ХҒС командирі ретінде жетекшілік еткен едім», деп еске алады Т. Мұсабаев.

ОРАЛУ

2015 жылдың 12 қыркүйегі. Жылнамадан: Рекордсмен Геннадий Падалка (Роскосмос), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен Қазақстанда есептелген аудан маңына аман-есен қонды.

Жоспар бойынша 06:51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 км қашықтықта Жерге сәтті қонған ғарышкерлер Астанаға Қазақстан басшыларының салтанатты қарсы алу шарасына аттанды.

«Союздің» қонуын қамтамасыз ету жөніндегі іздеу-құтқару қызметіне 200-ге жуық әскери қызметкер, бортында арнайы жабдықтары бар 14 Ми-8 тікұшақтары, төрт Ан-12 және Ан-26 ұшақтары және 15 бірлік техника, сондай-ақ төрт жол талғамайтын іздестіру-көшіру машиналары қатыстырылды.

ҒАРЫШКЕРЛЕР ЕЛБАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Астана әуежайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажымен кездесті.

Айдын Айымбетов Жерге қонғаннан кейін өзін жақсы сезінуде. Бұл туралы Астана әуежайында «Союз ТМА-16М» ғарыш кемесінің халықаралық экипажымен кездесуге арналған шара алдында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті. Геннадий Падалка (Ресейғарыш), қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен Қазақстанда есептелген аудан маңына аман-есен қонды. «Бүгін ғарыштан тағы бір қазақ жігіті оралды. Біз Айдынды шын жүректен құттықтаймыз. Оның алдағы жұмыстарына жемістер тілеймін. Осы бүгінгі маңызды оқиғамен барша отандастарымды құттықтаймын», - деді Т. Мұсабаев. Оның сөзіне қарағанда, ғарышкерлер экипажы Қазақстан жеріне аман-есен қонды. «Бүгін біз оны Жезқазған жазығында күтіп алдық. Ұшу сапары сәтті өтті деп толық айта аламыз. Қазғарыш басшысы ретінде бүгін ұзақ уақыттан бері жоспарлаған жұмысымызды аяғына дейін жеткізгеніме мақтан тұтамын. Атап айтқанда, үлкен ғылыми маңызды бағдарлама жүзеге асырылды. Осы шараның барлығы халқымыз Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойын атап өту кезінде іске асырылды», - деді Қазғарыш басшысы.

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ А.АЙЫМБЕТОВТІҢ ҒАРЫШҚА САПАРЫ ТУРАЛЫ

Жылнама: Елбасы «Союз ТМА-16М» экипажының мүшелерімен - кеме командирі Геннадий Падалка, бортинженерлер Андреас Могенсен және Айдын Айымбетовпен кездесті Кездесу барысында Мемлекет басшысы экипаж мүшелерін аман-есен оралуымен және Халықаралық ғарыш стансасындағы маңызды миссияларының аяқталуымен құттықтады. «Біз ұшу барысын бақылап, әрқайсыңыз үшін алаңдап отырдық. Әрине, қазақстандықтар ел тарихындағы үшінші ғарышкер болған Айдын Айымбетовтің тілеуін тіледі. Оның әлемдегі алғашқы және ірі ғарыш айлағы - Байқоңыр құрылысының басталғанына 60 жыл толғанда ғарышқа ұшуы да айшықты оқиға», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті нақ осы Байқоңырдан алғаш рет ғарышқа адам ұшқанын, содан бері Қазақстанның жерінен тартылыс күшін еңсеріп ұшқандардың бәрін отандастарымыз жақын дос ретінде қарсы алатынын атап өтті.

Экипаж мүшелері Г.Падалка және А.Могенсен миссияларының жемісті аяқталғанын айта келіп, бүкіл Қазақстан халқын айшықты оқиғамен құттықтады.

А.Айымбетов еліміздің атынан Халықаралық ғарыш стансасында өкілдік ету мәртебесін сеніп тапсырғаны үшін Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына алғыс айтты.

БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде әлемдегі 200-ден аса мемлекеттің тек санаулысы ғана азаматын ғарышқа аттандыра алатынын айта келе, Қазақстанның ғарыш саласы табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

«Роскосмос пен Ресей Федерациясы басшылығының қолдауымен біз ғарышкерлер даярлауды жүзеге асырамыз. Бүгінде Қазақстанның жер серіктері маңызды коммуникациялық және ғылыми-зерттеу қызметтерін атқаруда. Полковник Айымбетов сапар барысында өзіне жүктелген барлық міндетті орындады. Осы мақсатқа бөлінген қаражат ұзақмерзімді келешекте өзін ақтайды және іс жүзінде зор пайда әкелетін болады», - деді Қазақстан Президенті.

ОТБАСЫ АЙШЫҚТАРЫ

Бүгін Жезқазған даласына қонған ғарышкерлерді күтіп алушылардың қатарында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетовтің ұлы Әмір де болған еді. Айта кетерлігі, ұшуға бір ай уақыт қалғанда біз Айымбетовтердің отбасында болып, әңгіме-дүкен құрған едік. Ал бұл кезде ғарышкердің өзі болса Жұлдызды қалашықта дайындықтан өтіп жатқан болатын, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі Сара Нұрғалиева.

Айдынның жұбайы - Лилия Байқоңыр қаласының тумасы. Ол Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласында дүниеге келіп, сонда орта мектепті бітірген және содан кейін отбасымен бірге Талдықорған қаласына көшіп келген.

«Бірақ, біз Байқоңырда кездескен жоқпыз, - деп күледі Лилия. - Талдықорғанда біз Айдынның отбасымен көрші тұрдық, сол кезде танысқан болатынбыз. Әкем әскери бөлімде жұмыс істеді, ал Айдын Армавир жоғары әскери авиациялық училищесін бітіргеннен кейін сонда әскер борышын өтеп жүрген еді. Байқоңырда тұрған кезімде мен жолдасымның ұшқыш не ғарышкер болғанын армандаған едім. Бірақ, оның дәл осылай шынайы өмірде аса қоятынын ойламаппын. Мен тағдырыма және қолдау көрсеткен Алла тағалаға шексіз ризамын».

Айымбетовтер отбасының үлкені Әмір 17 жаста. Ол елордадағы №53 мектепте 11 сыныпта оқиды. Әмір әкесіне тартқан. Әсіресе, оның сөйлеу мәнері қатты ұқсайды.

Жоғары сынып оқушысының бөлмесінің бір қабырғасы толығымен көк әлеміне арналған. «Мен де әкем сияқты ұшқыш болғым келеді. Ал ол үшін жақсы білім алып спортпен айналысу керектігін білемін», - деді Әмір. Айта кетерлігі, жасөспірім 4 жыл бойы каратэмен айналысқан. Дәл осы спорт түрінен алған наградалары да жеткілікті. Баскетболмен әуестенеді, сабақ үлгерімі де жақсы. Ол бірнеше жыл бойы Астанадағы авиа мектепке барып жүр. Бүгінгі күнге дейін ол 32 сағат әуеде болса, соның 18 сағатында ұшақты өзі басқарған.

«Менде ағам сияқты авиация жүйесінде жұмыс істегім келеді», - дейді Айдынның 14 жастағы қызы Диана. - Біз әкеміздің ғарышкер болу арманы қандай қиындықпен орындалғанын көрдік. Ол біздер үшін еңбекке, адамдарға, өмірге деген қарым-қатынастарға үлгі болып келеді».

Айдынның кіші әрі сүйікті қызы Даяна екінші сыныпта оқиды. «Мен әкемді жақсы көремін әрі оның дүниедегі ең мықты адам екенін білемін», - деп күледі Даяна. Байқоңырда әкелерін ғарышқа шығарып салу барысында Даяна барынша ұстамдылық танытқаны есте. Өйткені ол ғарыш айлағындағы ғарышкерлермен өткен баспасөз мәслихатынан кейін қаумалаған журналистердің ортасында қалған еді.

«Ол уақытта менің баспасөз қызметкерлеріне назар аударарлық күйім жоқ еді. Біз бірнеше күн ұйықтамадық, ұшырымды ойлап алаңдадық. Тек қана жақсылықты ойлауға тырыстық, бірақ түрлі ойлар болды. Айдынның анасы, менің енем Жұмагүл апа да Байқоңырға келген еді. Сол кісінің аналық дұғасының арқасында бәрі жақсы өтті», - дейді Лилия.

«Біздің отбасымыздың егесі Ақан Рыскелдіұлы 74 жасқа келер еді. Ол осыдан 8 жыл бұрын өмірден озды. Ол Айдынның ғарышқа ұшу үшін барлық емтиханды тапсыратындығын білді әрі оған үнемі сенім артты. Айдын біздің отбасымыздағы екінші ұл. Тұңғышымыз Айдар Айдыннан 1 жас қана үлкен. Ол ҚР шекара әскері департаментінің әскери қызметкері. Қызым Дана үй шаруашылығымен айналысады. Кіші ұлым Алимир 33 жаста, ол «Эйр Астана» ұлттық компаниясында жұмыс істейді», - дейді Жұмагүл апа.

12 жыл бойы өзінің жұлдызды сәтін күткен Айдын Айымбетов ғарышқа самғау үшін тыңғылықты дайындалып қана қоймай жұбайы Лилиямен бірге тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Мүмкін таяу уақытта Айдын Айымбетовтің ұлының да арманы орындалып, қазақстандық ғарышкерлердің сапы тағы бір адамға толыға түсер. Алла тағала соны нәсіп етсін!

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ЖОҒАРЫ НАГРАДАСЫ

Мемлекет басшысы ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсіміне қатысты. Жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бір ай бұрын Қазақстан ғарышкерінің халықаралық экипаж құрамында алғашқы 10 күндік ғарыш сапарына ұшқанын атап өтті. «Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстанның үшінші ғарышкері атанды. Мен еліміздің бағындырған жаңа жетістігімен бүкіл халқымызды құттықтаймын. Біздің қазіргі заманғы тарихымыздағы осы ұлы оқиғаға кәсіби тұрғыдан үлесін қосқандардың бәріне алғыс айтамын. Ресейлік серіктестер мен басшыларға, сондай-ақ экспедицияның шетелдік мүшелеріне айрықша ризашылық білдіремін», - деді Мемлекет басшысы

Нұрсұлтан Назарбаев ғарышты игеру әрқашан адамзаттың ең аңсарлы арманының бірі болғанын атап өтті. «Бүгінде бұл - барлық жер шары тұрғындарының ең биік миссиясы. Біздер, қазақстандықтар байтақ жерімізде бүкіләлемдік ғарыш айлағы - Байқоңырда алпыс жыл бойы жұмыс жүргізіліп келе жатқанын мақтан етеміз. Ғарышкерлерді Жер жүзі осы жерден, Қазақстаннан шығарып салады. Адамзаттың ғалам туралы танымын кеңейтетін күрделі экспедициялардан кейін оларды осында қарсы аламыз. Ғарышқа ұшқан жарты ғасырдан астам уақыт ішінде 38 елдің 545 ғарышкері ғарыш кеңістігінде болып қайтты. Сол елдердің қатарында Қазақстан да бар. А.Айымбетовтің сәтті сапары еліміздің ғарыш жылнамасының жаңа парағын ашты», - деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы біздің республикамыз әлем бойынша ғарыш кеңістігін бағындырған азаматтарының саны үшеуден кем емес 9 елдің бірі болғанына назар аударды «Бұл - Күн жүйесінің кеңістігін зерттеу және игеру ісіне өзге елдермен бірге атсалысып отырған Қазақстанның ғарыштық болашағы үшін жасалған жаңа қадам. Жердің тартылыс күшін еңсеруге ұмтылыс адамның ең ұлы ерлігінің бірі болды, солай болып қала береді. Ол ең батыл әрі лайықтының ғана қолынан келеді. Осындай батырдың бірі біздің үшінші ғарышкеріміз А.Айымбетов болып отыр. Сондықтан мен оған Халық Қаһарманы және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағын, сондай-ақ Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы ең жоғары марапаттар оның Қазақстан халқының игілігі үшін жасаған ерлігін айғақтайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаңа Халық Қаһарманы А.Айымбетов енді еліміздің көрнекті батыр-ғарышкерлері қатарында болатынын айтты.

«Біздің тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 24 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бастауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықтарды еңсеруге тура келгені есімізде. Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев - жалпы жиынтығы 341 тәулікке созылған 3 ғарыш экспедициясына қатысты. Ол - ашық ғарыш кеңістігіне 8 рет шығып, 42 сағаттан астам уақыт болған тұңғыш қазақ. Талғат Мұсабаев - Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығының, халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілестігінің символы», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев А.Айымбетовтің Қазақстанның ғарыштық зерттеулерінің бесінші бағдарламасын жүзеге асырғанын атап өтті. «Салмақсыздық жағдайында «кулонды кристалл» алу жөніндегі зерттеулер жүргізілді. Елдің экологиялық проблемалары бар өңірлерін, ең алдымен Аралды мониторингтеу және суретке түсіру жұмыстары жасалды. Бірқатар маңызды сынақтар денсаулық сақтау саласына қатысты болды», - деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы еліміздің жаңа Халық Қаһарманы Айдын Айымбетовті ең жоғарғы мемлекеттік наградасымен құттықтап, өзіне жүктелген міндетті оның табысты орындағанын айтты.

А.Айымбетов өзінің сапары Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығы мен қолдауының арқасында жүзеге асқанын айтып, Елбасыға алғысын білдірді. «Мен үшін бүгін өмірімдегі ең бақытты әрі толқулы күн болды. Өйткені, мен Президенттің қолынан Отанымның ең жоғары наградасын алдым. Мен сіздің тапсырмаңызбен 1998 жылдан бері ғарышқа ұшуға дайындалдым. Халықаралық экипаж құрамында Қазақстанның атынан өкілдік ету мен үшін биік мәртебе», - деді Қазақстан ғарышкері. Ол сондай-ақ өзіне жүктелген міндеттердің орындалғаны туралы баяндады. «Ұшу сапары барысында Қазақстанның ғарыштық зерттеу бағдарламалары іске асырылды. Қазғарыштың ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жасалды. Сондай-ақ микрогравитация жағдайында микробөлшектердің физикалық қасиеттері зерттелді. Мұның бәрін біздің ғалымдарымыз термоядролық энергетика, плазмалық медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібінде пайдаланатын болады. Кейін олар Қазғарыш пен халықаралық ғарыштық ынтымақтастық аясында жалғасады», - деді А.Айымбетов.

Соңында А.Айымбетов Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық ғарыш стансасы бортында планетамызды 150 реттен астам айналып шыққан Мемлекеттік туымызды табыс етті.

ЖАҢА ТОЛҚЫН

Ендігі уақытта Айдынның күнделікті тіршілігі қауырт. Сан түрлі кездесулер өмірінің бір бөлшегіне айналып отыр. Мәселен, күні кеше ғана оған «ЭКСПО-2017» көрмесінің елшісі ресми мәртебесі берілді. «Біз Айдынды біздің көрменің елшісі етуді шештік. Бұл - құрметті әрі мәртебелі іс. Біз қазіргі кезде еліміздің қоғам қайраткерлері мен танымал адамдарынан құралған қоғамдық кеңесті құрумен айналысудамыз. Яғни, олар көрменің елшілері болып, ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы біздің Қазақстанды насихаттайды. Сондықтан да бүгін табыстап отырған сертификатымыз Айдын Айымбетов «ЭКСПО-2017» көрмесінің елшісі ресми мәртебесіне ие екенін растайды, - деді А. Есімов.

Мұнымен қоса, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басшысы ғарышкерге естелік сыйлық ретінде ғарыш кемесінің металынан жасалған қол сағатты табыстады. Сағатта «Қазақстан. Байқоңыр. Союз ТМА-18М» жазуы қашалған.

Сонымен қатар қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ҚР Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы кітапxанасында оқушылармен кездесіп, ғарышкер атану үшін не істеу қажеттігін айтып берді. "Ғарышкерлер қатарына қосылу үшін ең алдымен денсаулық мықты болу шарт. Екінші керегі - жоғары білім. Сонан соң еңбекқорлық қажет", - деп атап өтті ол.

Оның ойынша, ғарышкерлердің бойында әлемді тануға деген құштарлық, жігер және қарапайымдылық болуы керек. "Мен Қазақстан Президентінің қолынан жоғары награда алған кезде мен өзіме Отан үшін, елдің өркендеуі үшін барлық өмірімді сарп етемін деп уәде еттім. Мен жоғары наградаға ие болдым, бірақ мен сол баяғы Айдын болып қалдым, өзгермейтін де шығармын, мен жай ғана өз қызметімді атқарып, еліміздің ғарыш саласын көркейту жолында еңбек ете беретін боламын", - дейді ол.

Сонымен қатар ол оқушылар алдында қазақстандық ғарышкерлер қалай дайындалатындарын айтты. "Біз ғарышкерлер отрядында дайындалдық. 2012 жылдың 12 қазанында маған Қазақстан Республикасының ғарышкері мәртебесі берілді. Біздің ғарышкерлеріміздің саны тұтас бір отряд болғанын қалар едім", - деп еске алады ол.

А. Айымбетов егер мүмкіндік болса, экспедиция құрамында тағы бірнеше мәрте ғарышқа аттанғысы келетіндігін де жасырмады. "Қазақстанның ғарышқа адамды ұшыру тәжірибесі өзінің дамуын әрі қарай жалғастыра бермек. Келесі жолы менің ұшуым ықтимал, мүмкін өзге біреу таңдалар. Болашақта жаңадан отряд құрылуы да ғажап емес", - дейді ғарышкер.

"Балаңыздың ғарышкер мамандығын таңдағанына қалай қарайсыз?" деген сауалға А. Айымбетов: Ол ұшқыш болғанды өзі қалады. Кейін ғарышкерлер отрядына да түсе жатар. Олардың кез келген таңдауларын мен қабылдауға даярмын, қолымнан келгенінше қолдаймын және мен оны өздеріне айттым", - деп атап өтті.