Жан Кособуцкийдің WBC титулы үшін айқасының датасы жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген суперауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Жан Кособуцкийдің (17-0, 16КО) француз Жоан Дюопаға (39-6, 26КО) қарсы жекпе-жегінің датасы нақтыланды. ҚазАқпарат бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Universum-Box Promotions промоутерлік компаниясының ақпаратына сәйкес, жекпе-жек 21 мамыр күні Германияның Гамбург қаласында өтеді», - делінген парақшада.

Бастапқыда айқас аталған қалада ақпан айында өтуі тиіс болған. Бәске тігілген титул – суперауыр салмақтағы WBC International чемпионының вакантты белдігі. Алайда Кособуцкийдің командасында коронавирус анықталғандықтан, жекпе-жек кейінге шегерілді.

Бұл Жан Кособуцкий үшін 2022 жылдағы алғашқы айқас болады. Бұған дейін ол (2021 жылдың қарашасы) Доминикан Республикасының өкілі Алексис Гарсияны (11-1, 7КО) бесінші раундта нокаутқа жіберген еді.