Еске сала кетсек, 14 шілдеде Меркі ауданында бірнеше автомобиль соқтығысқан болатын. «Гелендваген» жүргізушісі кортежді қуып жетіп, асығыстықпен үш машинаны соғып кеткен. Оның бірі жол-патруль полициясы батальонының қызметтік көлігі еді. Сол оқиғада күшті соққы алған «ВАЗ-2114» жолаушылары - екі жасар қыз бен 55 жастағы әйел ажал құшты. ВАЗ жүргізушісі, 23 жастағы жігіт ауруханада жан тапсырды. Тағы үш жолаушы мен апаттың себепшісі болған жүргізуші ауруханаға жеткізілді.
Жол апатында қаза тапқан отбасының отағасы Ағапаша Әміроллаев қайғылы оқиғада әйелінен, баласынан және немересінен айырылды. Сотталушы 27 жастағы Нұрболат Шолпанқұлов сот отырысында Әміроллаевтар отбасынан кешірім сұрамақ болды. Алайда жәбірленуші оған ең қатаң жазаның берілуін талап етті.
Меркі аудандық сотының үкімімен «Гелендваген» жүргізушісі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігімен («абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет») айыпты деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұдан тыс, ол 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Ол жазаны қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Сондай-ақ сот Ағапаша Әміроллаевтың 100 мың теңге материалдық және 5 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын төлеу жөніндегі талабын қанағаттандырды.
Шолпанқұловқа үкім заңды күшіне енгеннен кейінгі бір ай ішінде жазаны өтеудің ерікті мерзімі белгіленді. Бұдан тыс, ол сот сараптамасы үшін 265,2 мың теңге төлеуі тиіс.