Жаңа 1 000 теңгелік банкнотаны қабылдамағандар жауапкершілікке тартылады — Ұлттық банк

Фото: Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 мамырдан бастап Ұлттық банкі айналысқа Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотты шектеулі таралыммен шығарды

Алайда әлеуметтік желілерде кейбір айырбастау пункттері мен сауда орындарының жаңа купюраны қабылдамай жатқаны туралы ақпарат тарады.

Бұл ретте Ұлттық банк түсініктеме берді.

— Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті, — деп хабарлады Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Ұлттық банк айырбастау пункттері мен екінші деңгейлі банктердің қолданыстағы банкноталарды қабылдау міндеті заңмен бекітілгенін еске салды.

— Айырбастау пункттері мен банктердің айналыста жүрген банкноталарды қабылдау міндеті «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңмен және Ұлттық банктің 2019 жылғы 11 ақпандағы № 40 қаулысымен бекітілген «Шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларымен» айқындалған, — делінген ресми түсіндірмеде.

Ұлттық банк сондай-ақ азаматтарға айналыстағы банкнотаны қабылдаудан бас тартқан жағдайда қайда жүгіну керектігін де түсіндірді.

— Егер азаматтарға айналыстағы ұлттық валютадағы банкноталар мен монеталарды төлемге қабылдаудан, айырбастаудан немесе ауыстырудан бас тартқан жағдайда, олар Ұлттық банктің аумақтық филиалдарына тиісті өтінішпен жүгінуге құқылы, — деді ведомстводан.

Сонымен қатар ведомство банкнотаны қабылдаудан бас тартқандарға заңмен жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

— Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, айналыста жүрген және төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жататын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдаудан, айырбастаудан немесе ауыстырудан бас тартқан банктер мен ұлттық пошта операторы әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — деп атап өтті Ұлттық банк.

Бұған дейін Ұлттық банк қолдан жасалған ұлттық валюта банкноталары тарағанын ескерткен еді.