Жаңа Әкімшілік іс-жүргізу кодексі құқықтық дауларды жария түрде шешудің қағидатты түрдегі жаңа тетігі болады - Қ. Мәми

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы соты дайындап жатқан жаңа Әкімшілік іс-жүргізу кодексі қарсыластарымен өзара байланыстағы мемлекеттік органның қысым жасаушылық жолын кеседі. Бұл туралы бүгін «Әділ сот жүйесі және орнықты заңнама - тартымды инвестициялық климаттың кепілі» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми мәлім етті.

Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, қазіргі таңда жаңа заңнамалық реформалар аясында меншік институттарын сот арқылы қорғауды күшейтудің бірқатар шаралары ұсынылып отыр. Бұндай бастаманың бір парасы жақында ғана Парламентте таныстырылымы өткен Азаматтық іс-жүргізу кодексінің жобасында көрініс тапқан.

«Тұтастай алғанда жаңа Азаматтық іс-жүргізу кодексін біз прагматикалық және ымыраласу қадамына жүгіне отырып, соттардың да, басқа тараптардың да әділ сот шешімін шығаруымен, әділ төрелікті қалпына келтіруімен байланыстырамыз. Сонымен бірге, Жоғарғы сот қабырғасында жаңа Әкімшілік іс-жүргізу кодексінің жобасын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа Әкімшілік іс-жүргізу кодексі құқықтық дауларды жария түрде шешудің қағидатты түрдегі жаңа тетігі болып табылады», - деді Қ. Мәми. Оның сөзіне қарағанда, бұндай қадам қарсыластарымен өзара әрекеттестік барысындағы мемелкеттік органдардың қысым жасаушылық жолын кеседі.