«Рухани жаңғыру әрбір азаматқа қатысты. Осы ретте жастардың санасының жаңғыруы өте маңызды деп есептеймін. Сонымен қатар Президент осы сананы өзгертетін қандай нақты шаралар іске асырылуы керектігін айқындады. Бұл тұрғыда алты үлкен жоба ұсынылғанын білесіздер. Енді берілген тапсырмаларға қатысты Үкімет тиісті қадамдарға кіріседі. Алты тапсырманы орындауда біздің кітапхана да өз үлесін қосатын болады», - деп тоқталды Телебаев «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында.
Осы орайда Елбасының латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін әзірлеу тапсырмасына тоқталған ол, «Біріншіден, латын қарпіне көшу арқылы түркі елдерімен жақындай түсеміз. Тек қана саяси, экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар рухани жағынан да бір әлемде боламыз. Түркі әлеміне жақындаудан біз ұтылмайтынымыз анық. Өйткені түркі халықтарымен тіліміз, дініміз және мәдениетіміз бір. Сол себептен бұл дұрыс үрдіс деген ойдамын», - деді.
Ғалымның пайымынша, Қазақстан халқы заманауи әліпбиді қолдануы тиіс. Латын қарпі арқылы заманауи үрдістерден кейін қалмауға мүмкіндік болады.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласында латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін әзірлеуді тапсырған болатын. Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін де жеткізді. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кіріскен дұрыс деп санайды.